Лондондағы Орталық Вестминстер ғимаратында Семей ядролық полигонының жабылуына 30 жыл толуына орай халықаралық форум өтті. Бұл туралы bilimdinews.kz сайты хабарлады.
Конференцияға 60-қа жуық делегат тікелей, 400-ге жуық адам онлайн қатысты.
Форум ядролық қатерлер және жаһандық климат өзгерістері арасындағы байланыс мәселесіне арналды. Сонымен қатар, талқылауда тәжірибелі сарапшылар, дипломаттар және халықаралық ұйым басшыларының тәжірибесі қолданылды.
Іс-шараға Ұлыбритания, Франция және басқа елдердің парламент мүшелері қатысты. Форумға белсенді қатысушылардың арасында Ұлыбританияның еңбек партиясының бұрынғы жетекшісі Джереми Корбин да болды.
“Семей ядролық полигонында 1949-1991 жылдар аралығында жүргізілген сынақтар ол жабылғаннан кейін де Қазақстанның экожүйесіне елеулі зиян келтіріп жатыр. Климаттың өзгеруі, су ресурстарының азаюы, топырақтың деградациясы, ауаның ластануы мен биоалуантүрліліктің жоғалуы – бүкіл Орталық Азияның экологиялық, экономикалық және әлеуметтік қауіпсіздігіне нақты қауіп төндіруде”, – деді ол.
1991 жылы 29 тамызда Семей полигоны жабылды. Совет одағы 40 жыл ішінде полигонда ядролық қарудың кем дегенде 468 сынағын өткізген. Полигонға жақын маңдағы елдімекен тұрғындары әлі күнге дейін радиацияның әсерінен туған аурулардан зардап шегіп, сәулеленудің салдары тұқым қуалап, ұрпақтан-ұрпаққа беріліп отырғанын айтады.
Семей ядролық сынақ полигоны – 18,5 мың шаршы шақырымды құрайтын үлкен аумақ. Оған төрт миллион халқы бар Кувейт те сыйып кетеді. Қазақстанның қазіргі картасына қарасақ, полигон Шығыс Қазақстан, Павлодар және Қарағанды облыстарының бір бөлігін алып жатыр.