Ақтөбеде коронавирус жұққан 71 жастағы әйел ауруханаға түскеннен кейін бір күннен соң қайтыс болды. Бұл туралы Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасының жетекшісі Әсет Қалиев хабарлады.
– Әйел инфекциялық ауруханада небәрі бір күн болған. Палатада кенет жағдайы нашарлаған. Дәрігерлер реанимациялық емдеу шараларын жүргізгенмен жүрегі тоқтады. Клиникалық бақылау өкпе артериясы эмболиясының асқынғанын көрсеткен. Бұл коронавирус инфекциясымен байланысты емес. Науқас ПЦР тексеруден өтіп, коронавирус инфекциясы анықталған. Бірақ науқаста коронавируспен қатар көп ауру табылған. Жүрек-қантамыр ауруына шалдыққандар есебінде тұрған. Вирус науқастың жағдайының нашарлауына әсер етті ме, жоқ па, оны комиссия шешеді, – деді басқарма жетекшісі.
Соңғы мәлімет бойынша, Ақтөбе облысында 252 адамға вирус жұққан. Әсет Қалиевтің сөзіне қарағанда, 63 науқас стационарда жатыр. Екеуі – реанимация бөлімінде. Біреуінің жағдайы – өте ауыр, жасанды тыныс алу аппаратымен демалып жатыр. Екінші науқастың жағдайы – ауыр. Науқастар арасында 17 бала бар, 10-ы жазылып шыққан.