Rixos аққуларды қырып жатыр ма?

0
44
Қырылған аққулар. Photo: Маңғыстау облысы әкімдігінің баспасөз қызметі.

Ақтауда Қаракөлде қырылған аққулардың саны 828-ге жетті, деп хабарлайды Kazaknews тілшісі Kazinform-ға сілтеме жасап.

Бұл ақпаратты Маңғыстау облыстық Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының басшысы Ғаббас Досатов растады.

«21 желтоқсаннан бері үш апта ішінде қырылған аққу саны 828-ден асты. Осыған облыс әкімі жанынан арнайы жұмыс тобы құрылды. Аталған топ құстардың қырылуына қатысты тиісті жұмыстарды атқарып, зерттеп, зерделейтін болады», — деді Ғаббас Досатов.

Сондай-ақ Ақтаудағы Rixos қонақүйінің жерасты құбырынан Қаракөл көліне ағып жатқан ағынды қалдық судың салдарынан аққулардың қырылуы мүмкін екенін көпшілік айтып, дабыл қақты.

Әлеуметтік желіде кең таралған бейнежазбада Rixos қонақүйінің қалдық суы құбыр арқылы Қаракөл көліне төгіп жатқаны анық байқалады. Бұған қатысты Маңғыстау облыстық Экология департаменті ақпараттың қаншалықты рас екенін экологтердің сараптамасы және орнитологтердің қорытындысы бойынша анықтайтынын атап өтті.

Аталған қонақ үй Ақтау қаласынан 20 шақырым жерде Каспий теңізінің жағалауында орналасқан.

Маңғыстаудағы Қаракөл көлі сулы-батпақты алқаптардың бірі болғандықтан ерекше қорғалатын табиғи аумақ қатарына жатады. Республикалық маңызы бар Қарақия-Қаракөл мемлекеттік зоологиялық қорығының құрамына кіреді. Мұнда еліміздің Қызыл кітабына және Халықаралық табиғат қорғау одағының Қызыл кітабына енген құстардың 20-дан астам түрі мекендейді. Олардың ішінде өте сирек кездесетін дальмат пеликаны мен ақбас үйрегі бар.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз