Алматы қаласында полиция бөлімшесіне ұрлыққа байланысты екі түрлі арыз келіп түскен. Алайда екі қылмысқа да екі қазақстандық күдікті ретінде ұсталған.
Бірінші жағдайда жанармай құю бекеттерінің бірінің әкімшісі арызбен жүгінді. Оның айтуынша, белгісіз біреу өзін клиент ретінде көрсетіп, жасырын түрде сауда-материалдық құндылықтарын ұрлаған.
Екінші арыз – қоғамдық көліктегі ұялы телефон ұрлығы туралы. 121-бағыттағы қоғамдық көлікте белгісіз біреу жолаушының қалтасынан ұялы телефонын ұрлап кеткен. Екі қылмыс та бейнебақылауға түсіп қалған.
«Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде аталған қылмыстарды жасады деген күдікпен Текелі қаласының тұрғыны 21 жастағы А. есімді азамат және Алматы қаласының тұрғыны 27 жастағы А. есімді азамат ұсталды», – делінген Polisia.kz мәлімдемесінде.
Ұсталғандар өз қылмыстарын мойындаған. ҚР ҚК-нің 201 бабына сәйкес өзге ақпарат тергеу мүддесіне орай жария етілмейді. Алайда, ҚР Конституциясының 77 бабы 3-бөлімі, 1-тармағы, ҚР ҚК-нің 19-бабы 1-тармағына сай кез келген азамат сот шешімі заңды күшіне енгенге дейін кінәсіз деп саналады.