Қарағандыдағы Ленин даңғылына Абай Құнанбайұлының есімі берілді. Көше аты қоғамдық тыңдауда талқыланып, өзгерту бастамасына мыңнан астам адам дауыс берген.
Көпшілік Абайдың атын беруді қолдағанмен, жиналғандардың ішінде қарсылық білдіргендер де болған.
“Ленин көшесін қалдыру керек. Тарихты есте ұстау қажет. Ауыстыруға болатын өзге көшелер бар ғой”, – деді тыңдауға келген тағы бір тұрғын.
Сонымен қатар, жиналғандар Қарағандыдағы Ленин ескерткішін де алып тастау керек деген ұсыныс тастады.
Барлығы 10 көшенің атауын ауыстыруға ұсыныс берілген. Атауларды ауыстыруға бюджеттен 3 миллион теңгедей қаржы керегі айтылған.
Жиында Қарағандыдағы Волочаевский көшесін Екінші дүниежүзілік соғыс ардагері, “Даңқ” орденінің толық кавалері, “Құрмет” орденінің иегері Қамали Дүйсенбековтің құрметіне беру туралы шешім қабылданды. Кувская көшесі енді Совет одағының батыры, Екінші дүниежүзілік соғыс ардагері Қазыбек Нұржановтың, ал Кривогуз көшесі ақын Қасым Аманжоловтың есімімен аталады. Защитная көшесі этнограф, фольклорист Григорий Потаниннің атына ауысты. Олимпийская көшесіне еңбек ардагері, Қарағандының құрметті азаматы Нарманбет Төлеповтің есімі берілді. Ал Аманжолов көшесі бұдан былай Балқантау деп аталмақ (Қарағанды облысы аумағында осылай аталатын тау сілемі бар). Нұржанов көшесі Мерей атауына, Приканальная көшесі Сарыарқа атауына ауысты.