Қазақстанда 505 елдімекен су тасқыны қаупі бар аймақта тұр. Бұл туралы ішкі істер министрлігі төтенше жағдайлар комитетінің төрағасы Владимир Беккер хабарлады.
Комитет дерегінше, тасқын қаупі төніп тұрған аймақтар қатарында Алматы (75 елдімекен), Шығыс Қазақстан (76), Ақмола (46), Ақтөбе (35), Қарағанды (33), Қызылорда (31), Қостанай (52), Павлодар (14) және Солтүстік Қазақстан (18) облыстары бар.
Беккер су тасыған жағдайда жедел әрекет ету үшін арнаулы жасақ құрылғанын хабарлады. Оның сөзінше, комитет бөлімшелерінің барлығы төтенше жағдай бола қалғанда құтқаруға қажетті техникамен жабдықталған.
Ресми дерек бойынша, 2018 жылы көктемде Қазақстанда 58 елдімекенде 1600 үйді еріген қар мен жаңбыр суы басып, төрт мыңға жуық адам қауіпсіз жерге көшірілген.