БҚО бас санитар дәрігері Мұхамғали Арыспаев коронавируспен күрес жөніндегі жедел штабтың соңғы отырысында айтылған ұсыныстар көрсетілген жаңа қаулы шығарды. Орал мен облыс аудандарына кіре берістерде блокпосттар орнатылып, қалаға кіруге және шығуға тыйым салынады.
Шектеу шараларының режимі мен уақыты өңірде COVID-19 коронавирус инфекциясының таралуына қатысты жағдай өзгерсе, қайта қаралуы мүмкін.
Облыс тұрғындары үшін бұрынғыдай сағат 23:00-ден 6:00-ге дейін үйден шығуға тыйым салынады. Полиция қызметкерлеріне, жедел жәрдем дәрігерлеріне, өрт сөндірушілерге және елді мекеннің тіршілігін қамтамасыз ететін басқа да ұйымдардың қызметкерлеріне жүріп-тұруға рұқсат етіледі.
Санитар дәрігердің қаулысымен бірқатар санаттағы азаматтарды қоспағанда, тұрғындардың облыс және Орал қаласының аумағына кіріп-шығуына тыйым салынады.
Блок бекеттерден рұқсат арқылы кімдер өте алады:
- халықтың тіршілігін қамтамасыз ететін ұйымдардың қызметкерлері;
- медициналық себептер бойынша шығатын және кіретін адамдар;
- карантинді ауруханаларда емделіп жатқан және бақылауға алынған адамдар;
- транзиттік жолаушылар мен жүк тасымалдаушылар;
- вахта жұмысшыларын тасымалдайтын көлік қызметкерлері;
- күзгі дала жұмыстарына, табиғат қорғау, ветеринарлық, ауыл шаруашылығы, жол жөндеу жұмыстарына, апаттан құтқару қызметіне, бірінші қажеттіліктегі тауарларды, азық-түлікті, дәрі-дәрмектерді, қатты, сұйық отын және жанар-жағармай жеткізуге тартылған көлік пен адамдар: олар растайтын құжаттарды көрсетуі керек (мемлекеттік тіркеу туралы куәлік, қызметкерлер үшін – жұмыс орнынан мөрмен расталған анықтама);
- тұрақты тұрғылықты жеріне оралатын адамдар және саяжайдағы үйлеріне бару үшін құқық белгілейтін құжаттарды көрсеткен кезде өңір тұрғындары (бір отбасы мүшелері);
- жақын туысы (әкесі, шешесі, ағасы, әпкесі, балалары) қайтыс болған тұрғындар;
- жұмыс берушінің мөрімен расталған анықтама болған жағдайда үйден жұмысқа барып-келуге болады.