Байқоңырдан қайтарылатын жер қаншалықты зиянсыз?

0
130
Байқоңыр ғарыш айлағы. Photo: kazcosmos.gov.kz

6 қараша күні Мәжілістің жалпы отырысында Ресейге жалға берілген Байқоңыр ғарыш айлағынан қайтарылған жердің сапасы туралы сөз болды. 

Қазақстанның ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Кесікбайұлының айтуынша, қайтарылатын жердің барлығы Төретам кентінің айналасы. Бұл аймаққа зымырандардың қалдығы түспейді. Қалдықтардың түсетін жерін Ресей тарапының комиссиясы зерттеп, зиянды немесе зиянсызын анықтайды.

“Зиянды қалдықтарға Қазақстан мен Ресейден арнайы екі компания жауап береді. 10 күнге дейін әр аймақтың әкімдіктеріне ақпараттық хат жіберіледі. Жаңағы екі компания зымыран ұшырылғаннан кейін бөлшектердің барлығын жинап алады. Компаниялар халыққа экспертиза жасағаннан кейін бөлшектердің зияны туралы хабарлайды”, – деді ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Санжар Жаркенов. 

ҚАЙТАРЫЛҒАН ЖЕР ҚАНДАЙ МАҚСАТТА ҚОЛДАНЫЛАДЫ?

Заңнамаға сәйкес, Байқоңыр кешенінің жалпы алаңының 11,6 мың гектар болатын 4 учаскісі жалдан шығарылады. 1740 гектар 2 учаскі Қармақшы ауданының Төретам кентін кеңейту үшін, 9950 гектар екі учаскі Батыс Еуропа Батыс Қытай транзит дәлізін, Алматы-Мәскеу теміржолын салу және қолдану үшін және Бейнеу-Шымкент газ құбырының желілік бөлігі үшін қайтарылған.

“Көрсетілген жер учаскелері Қызылорда облысының дамуы үшін қажет. Ратификация Ресейге жалға берген жерлерді қайтаруды аяқтауға септеседі. Жер республикалық маңызы бар обьектілердің құрылысы үшін және Төретам кентін дамыту үшін қолданылады. Бұл жергілікті халықтың өмір деңгейін көтеруге ықпалын тигізеді”, – деді ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Кесікбайұлы. 

Министрдің айтуынша, заңды жүзеге асыру үшін Республикалық бюджеттен қосымша қаражат бөлудің қажеті жоқ. Сонымен қатар, Ресей тарапынан төленетін жыл сайынғы жалдау ақысы да азаймайды.

1994 жылы Қазақстан мен Ресей үкіметтерінің арасында Байқоңыр кешенін жалға беру шарттарына өзгеріс енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы заңының жобасы ҚР халықаралық шарттары туралы заңының 11 бабына сәйкес әзірленген болатын.

Хаттамаға екі ел президенттері 2017 жылы 9 қарашада өткен өңірлік ынтымақтастықтың 14-ші форумында Челябинск қаласында қол қойған.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз