Шіркейге таланған Түркістан облысының тұрғындары жаппай наразылықтарын білдіріп жатыр, деп хабарлайды Kazaknews.kz тілшісі.
Шіркейлер бұл күндері мал-құстыда жалмап барады. Олардың көптігі сонша, тұрғындар беттерін тұмшалап алуға мәжбүр.
Әлеуметтік желіде жарияланған видеода шіркейлер жұмыртқа ашқан қырғауылдың балапандарын жеп қойған. Бұдан бөлек үй жануарларының денесін, одан қалды осал тұстарын шағып, арты өлімге ұласқан жағдайлар көбейген. Өзен бойында қоныстанған тұрғындар үшін бұл жәндіктер үлкен проблемаға айналып отыр.
Түркістан облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Бақытжан Полатбеков өңірде зиянкестерге қарсы дәрілеу, дезинсекциялау жұмыстары жоспарға сай жүргізіліп жатқанын айтады. Мәселен, Түркістан облысындағы төрт аудан мен екі қалада шіркеймен күреске бюджеттен 644 млн теңге бөлінген екен. Оның 40 млн теңгесі зерттеу жұмыстарына жұмсалмақ. Ал, қалған бөлігі аумақты залалсыздандыруға қажетті дәрі-дәрмек алуға, жұмысшылардың еңбек ақысын беруге бағытталған.
«Сырдария өзені бойында орналасқан елдімекен аумақтарында және Түркістан, Кентау, Арыс қалалары мен Шардара, Отырар, Сауран аудандарында дезинсекциялық жұмыстар қарқынды жүргізіліп жатыр. Дезинсекциялық барьерлік өңдеу алаңы 6492 га құрайды. Сондай-ақ, судың көлеміне байланысты Сырдария өзені биологиялық әдіспен де өңделуде. Бұл жұмыстарды сапалы орындау мақсатында аудан, қала әкімдіктерімен бірлесіп, жұмысшы топ құрылды,» — деді Б. Полатбеков yassy-tur.kz.
Айта кетейік, дезинсекция шараларын өткізуге мемлекеттік сатып алу конкурстары жүргізілген. Нәтижесінде, Түркістан облысының аумағында шыбын-шіркей және сол сияқты қос қанатты қансорғыш жәндіктердің санын азайтуға және ғылыми сүйемелдеу жүргізуге мердігер «Satti Tulik» ЖШС анықталып, дезинсекциялық іс-шаралар өткізуге 28 ақпан 2023 жылы (№3/2023 келісім шарт құны) 603,4 млн. теңге және (№4/2023 келісім шарт құны) 40,9 млн теңге түзілген. «Satti Tulik» ЖШС жұмысшылар саны 77, қажетті техника 62 бірлікті құрайды екен. Айта кетейік, залалсыздандыру жұмыстарының нақты мерзімі болмайды.
Шетелдік тәжірибе:
Жалпы тәжірибе бойынша мұндай жағдайдан көбінесе белгілі әдістер арқылы арылады. Мысалы биологиялық, химиялық және физикалық әдісті қолдану арқылы жою көзделген.
Химиялық әдіс дегеніміз көбейген жәндікке қарсы химиялық у шашу. Бұл әдіс әсіресе шөпке немесе ағашқа шашу арқылы жасалады. Дегенмен мұның табиғатқа тіпті адамдарға кері әсері болуы ықтимал.
Биологиялық әдіс дегеніміз – көбейген жәндікке оның жауын қарсы қою. Яғни паразиттер, микроорганизмдер, тіпті кейбір жыртқыш жәндіктерді пайдалану арқылы іске асады. Осылайша зиянкестерді жою үшін биологиялық препараттар қолданылады. Алайда мұның да кері әсері болуы мүмкін.
Физикалық әдіске біз жәндіктерге қарсы тұзақтарды жатқызамыз. Мысалы ультракүлгін шамдар немесе жәндіктерді тартып, оларды электрлік түрде өлтіретін құрылғыны пайдалану. Бұдан бөлек тор пайдалану, денеңізге жандікке қарсы спрей сеуіп, гель жағудың барлығы осы әдіске жатады.