8 ақпанда Түркістан облысына қарасты Төлеби ауданында шоколад өнімдерін жасайтын цех іске қосылды. Бұл туралы өңір әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Бірінші Мамыр ауылынан ашылған «Балмұздақ» ЖШС-нің шоколадты глазурь және шоколад өндейтін цехының құны 800 млн. теңге. Кәсіпорында жылына 1100 тонна шоколадты глазурь мен шоколад өндіріледі деген жоспар бар.
Негізінен, «Балмұздақ» ЖШС-і 2017 жылы құны 2,5 млрд. теңге болатын 3200 тонна балмұздақ өндірген. Былтыр Өзбекстан еліне 6,1 млн теңгеге 8700 келі балмұздақ экспорттады. Кәсіпорын бүгінде балмұздақтың 80-нен астам түрін шығарады. Кәсіпорын құны 220 млн. теңге тұратын балмұздақ өндіретін қазіргі заманғы құрал-жабдықтарымен жабдықталған. «Балмұздақ» ЖШС-нің өнімдері тек қана Түркістан облысында ғана емес, республикамыздың солтүстігінде, Алматы, Астана, Ақтау, Тараз қалаларында да үлкен сұранысқа ие.