Түркістан қаласында жастар жылына орай, алғаш рет көпфункционалды заманауи, жаңа үлгідегі «Жастар ресурстық орталығы» ашылды.
Салтанатты ашылу рәсіміне облыс әкімі Ж.Түймебаев пен ҚР Қоғамдық даму вице-министрі Ж.Омарбекова, сонымен қатар «Нұр Отан» партиясы Түркістан облысы филиалы төрағасының бірінші орынбасары Н.Жолдасов, мәслихат депутаттары мен қоғам қайраткерлері қатысты. Барлық аудан қала әкімдері, басқарма басшылары, республикалық қоғамдық ұйымдардың өкілдері мен аудан, қалалық жастар ресурстық орталықтарының басшылары және өңірдің 200-ден астам белсенді жастары келді.
Көп функционалды жаңа үлгідегі Жастар орталығы – бір мезетте 400-ге жуық жасқа қызмет көрсете алады. Орталықта «Жастарға қызмет көрсету» орталығы, «Мобильді топ», Turkistan HUB coworking zone, IT PARK, Робототехника мектептері, Коворкинг алаңы, электронды кітапхана, «Жас сарбаз», «Еріктілер мектебі», «Құрылыс жасақтары», «Тілдер мектебі», түрлі жастар ұйымдары, медиа студия және психологиялық терапия т.б көптеген жастар клубтары, мектептер мен үйірмелер жұмыс жасайды. Сондай-ақ, ғимарат ішінде «relax zone» демалыс аймағы, ғимараттың сыртқы бөлігінде футбол, валейбол, баскетбол, теннис ойнауға арналған спорттық алаңшалар орналасқан.