“Тараз-Арена” спорт кешеніне белгілі спортшы, Олимпиада чемпионы Жақсылық Үшкемпіровтің есімін беру ұсынылды. Бұл туралы Жамбыл облысы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Жақсылық Үшкемпіровтің отандық күрес мектебінің қалыптасуы мен дамуына, қазақстандық спорттың жоғары деңгейге көтерілуіне қосқан үлесін атап өтіп бұл бастаманы қолдағандарға алғыс айтқан.
Спорт кешенінің атын өзгерту ұсынысы республикалық ономастикалық комиссияның қарауына жіберіледі.
Жақсылық Үшкемпіров 1951 жылы 6 мамырда Қазақ КСР Жамбыл облысы Байзақ ауданы “Чапаев” кеңшарында (Қазіргі Тегістік ауылы) дүниеге келген.
Мәскеу олимпиадасының алтын медаль иегері, грек-рим балуаны Жақсылық Үшкемпіров 2 тамыз күні 69 жасында пневмониядан көз жұмды.