1 наурызда Жамбыл облысына барған Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қордай ауданы Сортөбе ауылындағы мәдениет үйінде дүнген диаспорасының өкілдерімен кездесті.
Тоқаев Қордай ауданында болған оқиғадан дұрыс қорытынды шығару керек екенін айтқан.
– Болған қайғылы оқиға артта қалуы тиіс. Алдағы уақытта тату-тәтті, түсіністікте бірге өмір сүреміз. Біз бұдан сабақ алуымыз керек. Бұрын-соңды мұндай жағдай болған емес. Бұл биліктің де жіберген кемшілігі. Сондықтан мен бірден облыс басшылығын, соның ішінде құқық қорғау органдарының жетекшілерін де ауыстырдым, – деді мемлекет басшысы.
Президент дүнген диаспорасының өкілдерін жастардың тәрбиесіне баса мән беріп, оларды әрбір халықтың мәдениетіне, қазақ тілі мен Қазақстанның мемлекеттік рәміздеріне құрметпен қарауға шақырды.
– Балаларыңыз қазақ тілін үйренуі керек. Сондай-ақ орыс тілі мен өзінің ана тілін де білуі қажет. Мемлекет сіздердің мәдениеттеріңіз бен дәстүрлеріңізді сақтап, дамытуға жан-жақты қолдау көрсетеді. Дегенмен сіздер, әсіресе, ауылда тұратын азаматтар мемлекеттік тілді білгендеріңіз аса маңызды, – деді Тоқаев.
Кездесу соңында Қазақстан президенті Қаракемер, Масаншы және Сортөбе ауылдарындағы қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ететін арнайы жедел әрекет ету жасағының жауынгерлерімен, ұлттық гвардияның әскери қызметшілерімен әңгімелескен.