Алматы қалалық ПД көші-қон қызметінің мәліметінше, биылғы жылдың алғашқы үш айында қалаға 21805 шетел азаматы келген. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2,5 есеге көп, деп хабарлайды Kazaknews.kz тілшісі.
“Көші-қон заңнамасын бұзушылықтарды анықтау және заңсыз көші-қон арналарын жою бойынша тұрақты негізде жедел алдын алу іс-шаралар жүргізіліп жатыр. Жыл басынан бері 6472 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылса, оның 1738-і шетел азаматы. Әкімшілік жолмен 248 шетелдік елден шығарылды. ПД-ның қабылдап-тарату бөліміне жеке басын куәландыратын құжаты жоқ 365 шетел азаматы орналастырылды. Сонымен қатар шетелдік жұмыс күшін пайдалану ережелерін бұзған 47 жұмыс беруші әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сондай-ақ жыл басынан бері заңсыз көші-қонның 11 арнасы анықталды”, – деді Алматы қалалық ПД көші-қон қызметі басқармасының бастығы Асхат Бутунчинов.