Жаңаөзенде көп балалы аналар өз кәсібін ашты

0
49

Маңғыстау облысы бойынша 50-ден астам көп балалы отбасы өз жеке кәсібінің иесі болып, күнкөріс деңгейі жақсарды. Бұл туралы облыс әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады. 

“Әлеуметтік жағдайы күнкөріс деңгейінен өте төмен, аз қамтылған, мүмкіндігі шектеулі балалар тәрбиелеп отырған көпбалалы отбасыларды қолдау мақсатында бастау алған “Жақсылық жаса, қайырымы қайтар Алладан” жобасы алғашқы нәтижесін беруде”, – дейді әкімдіктегілер.

Бүгінде, аталған жоба бойынша облыста 50-ден астам отбасы өз жеке кәсібінің иесі болып, күнкөріс деңгейі жақсарды. Әлі де Жаңаөзен қаласындағы 100 отбасыға қолдау көрсетілмекші. Бұл орайда, ең алдымен ниет білдіруші аналардың ой-пікірі, ұсыныстары тыңдалып, соған сәйкес бағыттар беріледі. Жеке кәсібін дөңгелетуге қажетті барлық құрал-саймандар, материалдар, заманауи техникалар беріліп қана қоймай, өнімдерін брендке айналдыру мақсатында әр қайсысына жеке белгілері (логотиптері) жасалды, қаладағы ірі ойын-сауық орындарынан сауда нүктелері берілді.

Он жылдан бері тігіншілікпен айналысып, көптен бері жеке кәсібін арман еткен аналардың бірі Анапия Игибаева:

“Жолдасым екеуміз облыс әкімінің қабылдауында болып, мұнай саласынан жұмыс сұрап барғанбыз, бірақ Е. Тоғжанов жеке кәсіп ашуға мүмкіншілік бар екенін айтып, Айжани деген қызбен таныстырды. Басында бізде сенімсіздік болды. Ешкімнің қолына қарамай, өз кәсібімізді бастап бір жетістікке жетсек екен деген арманымыз осы жобаның арқасында орындалып отыр. Бүгінде, міне өздеріңіз көріп отырғандай, Алланың қалауымен және “Жақсылық жаса, қайырымы қайтар Алладан” жобасының арқасында жеке кәсіпкермін. Енді шағын тігін шеберханам бар, ол замануи тігін машиналармен жабдықталған. Тек ерінбей еңбек ету ғана қалып тұр”, – деп қуаныштың көз жасын тоқтата алмады.

Жоба ұйымдастырушыларына алғыс айтушы келесі ана Теңге ауылынында тұратын Альшора Гүлсім. Екі мүгедек бала тәрбиелеп отырған көпбалалы ана, аталмыш жоба аясында “Zere” белгісімен халыққа әр түрлі үй пісірмелерін ұсынатын болды. Жеке кәсіпкерге кәсібіне қажетті барлық керек жарақтары алынып берілді.

Алдағы уақытта да әлеуметтік салада жүзеге асырылатын осы секілді тың бастамалар көбейе бермек.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз