Корея Республикасы мен Корей Халық Демократиялық Республикасы (КХДР) дүйсенбіде Солтүстік Кореялық музыканттар мен бишілердің Пхенчхандағы 2018 жылғы қысқы Олимпиадаға баруы туралы келіссөздер жүргізуді бастады. Оңтүстік Кореяның Ренхап ақпараттық агенттігінің мәліметіне сәйкес, келіссөздер Пханмунджом шекара бекетінде өтіп жатыр.
ТАСС-тың мәліметінше, келіссөздер барысында Солтүстік Корея тарапынан қысқы Олимпиада ойындарына спортшылардан бөлек бишілер мен музыканттар, сонымен қоса журналистерді де жіберу мәселелері талқыланды.
Ресми кездесуде Солтүстік Корея делегаттарының саны, делегацияның Олимпиадаға келу-кету бағдары, сондай-ақ солтүстік кореялық әншілері мен бишілерінің өнер көрсетуіне қатысты мәселелер жан-жақты қарастырылды.
Бұл – Сеул мен Пхеньян арасындағы осы айдағы екінші ресми келіссөз. Министрлер деңгейіндегі соңғы екі жылдағы алғашқы кездесу 9 қаңтар күні Пханмунджом шекаралық бекетінде өткен болатын.
Солтүстік Кореяның Олимпиадаға нақты қандай әртістерді жіберетіні әзірге белгісіз.