Түрік журналистер қауымдастығы басшысы әріптестерінің босатылуын талап етті

0
115

Түркия журналистер қауымдастығының төрағасы Торғай Олжайто билеуші және оппозициялық партияларға сөз бостандығы мен ондағы кедергілерді жоюға, абақтыға жабылған журналистерді босатуға және журналистиканы қылмыс ретінде қарауды тоқтатуға шақырды. Бұл туралы Mk Turkey.ru хабарлайды.

Торғай Олжайто журналистер күнінде Түркиялық масс-медиа өкілдеріне жүгініп, «Бірігуіміз қажет. Журналистер өз әріптестеріне қарсы шығуға жол бермеуі қажет», – деп мәлімдеді.

Журналистер қауымдастығының төрағасы соңғы 10 жылда әрбір үшінші журналистің жұмыссыз қалғанын және 145 әріптесінің қазіргі таңда абақтыда отырғанын алға тартып, бұқаралық ақпарат құралдарының қызметкерлерінің құқықтарын қорғауға шақырды.

«Журналистер жиі құқықтық мәселелерге тап болатындықтан, олардың екінші мекен жайы – сот ғимараты. Олар өз қызметтерін еркін орындай алмайды. Әріптестеріміздің арасында кәсіподақтарға мүшелік коэффиценті өте төмен. Бұл көрсеткіш елімізде 5.9%-ды құрайды. Ал Еуропада 25%ға жоғары. Елде сыни журналистикаға жол берілмеуіне байланысты біздің салада көптеген қолайсыздықтар туындауда»,

– дейді Торғай Олжайто.

Оның айтуынша, Түркияда қазіргі заманғы журналистика үшін қоғамдық тыйымдар, айыппұлдар, тұтқындаулар мен цензуралар күнделікті қоғамдық құбылыстарға айналған.

Олжайто сонымен қоса,

«Саясаткерлер журналистиканы лаңкестік әрекетке, ал журналистерді террористерге теңейді. Журналистерге ауызша және физикалық шабуылдар жасау жалғасуда. Шағымдарға қарамастан, бұл шабуылдар өкінішке орай жазасыз қалуда»,

– деп қосты.

10 қаңтарда оппозициялық Халықтық-Республикалық партияның жетекшісі Кемал Кылычдароглу Журналистер күнін атап өтіп, әлеуметтік желідегі парақшасында «Демократия үшін журналистер еркін жұмыс істей алады. Тағы бір рет күллі әлемге жүгінемін: журналистика – бұл қылмыс емес», – деп жазды. 

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз