2022 жыл негізінен Ресейдің Украинаға басып кіруімен және одан кейінгі бүкіл әлемдегі халықаралық азық-түлік және энергетикалық дағдарыспен өтті. Биылғы жылдың әлемге несімен есте қалғанын сіздермен Kazaknews.kz редакциясы бөліседі.
БҰҰ шешімімен 2022 жыл халықаралық қолмен балық аулау және аквамәдениет жылы болып жарияланған. Ал, 2022 жыл Қазақстанда балалар жылы болып жарияланған еді.
-
Бейжің 2022 – Қысқы олимпиадасы
4-20 ақпанда Қытайдың астанасы Бейжіңде қысқы олимпиада ойындары өтті. Пандемия кезінде өткен ойынға 95 елден 4 мыңнан аса спортшы қатысқан. Бұл олимпиадада медальдің негізгі бөлігін Еуропа елдері, АҚШ, Канада, Ресей, Қытай, Жапония иеленді.
Жалпы команда есебі бойынша алғашқы үш орынды Норвегия (16 алтын, 8 күміс, 9 қола), Германия (12-10-5), Қытай (9-4-2) бөліп алды. 8 алтынмен АҚШ 4-орынға шықты. Қытай астанасы небәрі 14 жылда екі рет Жазғы және Қысқы олимпиада өткізген қала ретінде тарихта қалды.
2022 жылы болатын Қысқы олимпиаданы өткізгісі келетін қалалар арасындағы бәсекеде Алматы мен Пекин финалға шыққан еді. Алматы қаласы олимпиадаға қажеті спорт нысандарының 70 пайызы бар екенін, 2011 жылы Қысқы Азиада өткізгенін алға тартқан. Пекин төрт дауыс артық алып, 2015 жылы 31 шілдеде халықаралық олимпиада комитеті Қысқы олимпиаданы Пекинде өткізу жөнінде шешім қабылдаған.
4 ақпанда басталған Олимпиада ойыны коронавирус індетіне байланысты қатаң шектеулермен ашылған. Шетелден келген спортшыларды жергілікті халыққа жақындатпай, спорт жарыстары оқшау орында өткізілді.
Келесі Қысқы олимпиада 2026 жылы Италияда өтеді.
2. 24 ақпан: Ресейдің Украинаға басып кіруі
24 ақпанда Украина президенті Владимир Зеленский Украинаға Ресейдің басып кіруіне байланысты соғыс жағдайын енгізгенін хабарлады. Бұдан бөлек Украина Ресеймен дипломатиялық қатынастардың үзілгенін жариялады. Ал, Еуропа Кеңесі, Ресей Украинаға басып кіруіне байланысты Ресейдің ұйымға мүшелігін тоқтатты. Осыдан кейін 28 ақпанда Владимир Зеленский Украинаны Еуропа одағына қабылдау туралы өтінімге қол қойды. 23 маусым күні Брюссельде өткен Еуропа одағы саммиті Украина мен Молдоваға одақ мүшелігіне кандидат статусын берді.
10 наурызда Түркияның Анталья қаласында Ресей мен Украина сыртқы істер министрлері Сергей Лавров пен Дмитрий Кулеба арасындағы келіссөз өтті. Бұл соғыс басталғалы бері Мәскеу мен Киев арасында жүргізілген жоғары деңгейдегі алғашқы келіссөз.
Бұған дейін екі елдің арнайы делегациялары Беларусьте үш рет келіссөз үшін кездескен. Тараптар Украинаның кейбір қалаларында бейбіт тұрғындарға арнап “гуманитарлық дәліз ұйымдастыруға” келіскен.
5 қазан күні Ресей президенті Владимир Путин орыс әскерінің Украинада жаулап алған Донецк, Запорожье, Луганск облыстарын және Николаев пен Херсон облыстарының бір бөлігін Ресей құрамына қосу туралы келісімге, Ресей құрамына төрт жаңа субъектіні қабылдау туралы конституциялық заңдарға қол қойды.
Қазіргі таңда соғыс әлі де жалғасып жатыр. АҚШ пен Еуропа елдерінен келіп жатқан көмектің және де басқа да себептерге байланысты украиналықтар 24 ақпанға дейінгі шекарасына жақындап келеді. Ресей бірнеше мәрте атом бомбасы туралы сөз қозғағанымен әзірге Украинаны зымырандармен атқылаумен шектеліп жатыр.
3. Францияда президент сайлауында Эммануэль Макрон тағы да жеңіске жетті
Франция президенті Эммануэль Макрон биылғы президент сайлауында тағы жеңіске жетіп, билік басында 5 жыл қалады.
Бюллетеньдердің 98 пайызын өңдеу қорытындысы бойынша сайлаушылардың 58,32 пайызы Макронға, 41,68 пайызы Марин Ле Пенге дауыс берген. Осы сайлаудан кейін Макронның басты қарсыласы Ле Пен жеңілгенін мойындап, парламенттік сайлауда күресті жалғастыруға уәде берген.
Францияда 49 миллионға жуық адамның президент сайлауында дауыс беруге құқығы бар. Оның шамамен 63 пайызы сайлауға қатысқан.
4. Финляндия мен Швеция НАТО-ға қосылды
18 мамыр күні Швеция мен Финляндия Солтүстікатлантикалық одаққа қосылуға ресми түрде өтініш берді. 5 шілде күні Брюссельдегі НАТО-ның штаб-пәтерінде Швеция мен Финляндияның Солтүстік атлантикалық одаққа қосылатыны туралы хаттамаға қол қойылды.
Құжатқа НАТО-ға мүше 30 елдің өкілдері және Швеция мен Финляндия өкілдері қол қойған. Олар бұл күнді “тарихи күн” деп атап, “екі елдің ғана емес, НАТО-ның да қауіпсіздігін күшейте түсетін қадам” деп мәлімдеді.
5. Қарақалпақстанда Конституцияға енгізілген түзетулерге қарсы наразылық өтті
25 маусымда Өзбекстан билігі Конституцияның 66 бабына 170 өзгеріс енгізу үшін жалпы ұлттық референдум өткізетінін жариялады. Өзгерістердің бірнешеуі мемлекет құрамындағы автономиялы республика Қарақалпақстанның егемендігін жойып, бөлініп шығу құқығынан айыратын еді.
Өзбекстан билігінің тұжырымынша, заңсыз демонстрациялар 1 шілдеде сағат 15.00-де “республикада жүргізіліп жатқан конституциялық реформаларды дұрыс түсіндірмеу нәтижесінде” басталған. Қарақалпақстан тұрғындары қала бойынша шерулер ұйымдастырды, осыдан кейін олар орталық дехкан базарының аумағына жиналып, демонстрация ұйымдастырған.
Қарақалпақстан республикасының астанасы Нүкісте жүздеген адам ресми Ташкенттің Қарақалпақстанды “егемен” (суверенитет) статусынан айыру жоспарына қарсы және тәуелсіз журналист Дәулетмұрат Тәжімұратов босатуды талап етіп наразылыққа шыққан еді. Өзбекстан билігі шараны “заңсыз” деп атап, сенбіге қараған түні Нүкістегі “демонстрация аяқталды, қоғамдық тәртіп орнады” деп мәлімдеген. Алайда мұнымен бірге полицияның “демонстрацияны күшпен басқаны жөнінде” ақпараттар да шыққан.
Кейінірек өзбек билігі Қарақалпақстанды автономиядан айыру жоспарынан бас тартуға шешім қабылдады. Нүкісте 1-2 шілдеде болған наразылықтан 18 адам қаза тауып, 243 адам жараланған.
Қарақалпақстан – Өзбекстан аумағының 40 пайызын алып жатқан республика. Мұнда екі миллионға жуық адам тұрады, олардың арасында қарақалпақтар, өзбектер және қазақтар бар. Қарақалпақстан республикасы 1925 жылы құрылып, 1930 жылға дейін Қазақ CCР құрамында болады. 1936 жылы Өзбек ССР құрамына қосылған.
6. Ұлыбританияның премьер-министрі ауысты
7 шілде күні Борис Джонсон Ұлыбританияның премьер-министрі қызметінен кететінін мәлімдеді. 5 қыркүйекте сайлау қорытындысы бойынша Ұлыбританияның жаңа премьер-министрі болып Лиз Трасс жарияланды. 20 қазанда Лиз Трасс Ұлыбритания премьер-министрі қызметінен кететіндігі туралы мәлімдеді. 25 қазанда Ұлыбританияның консервативті партиясының жетекшісі Риши Сунак Ұлыбританияның премьер-министрі болып тағайындалды. Осылайша бір жылда Ұлыбританияны үш премьер-министр басқарды.
42 жастағы Риши Сунак Ұлыбританияның арғы тегі оңтүстік азиялық алғашқы премьер-министрі болады. Оның ата-анасы 1960 жылдары Шығыс Африкадан Ұлыбританияға эмиграцямен келген үнділер. Сунак Оксфорд пен Стэнфордта оқыған, сонда жүріп үнді миллиардерінің қызы Акшат Муртимен танысып, үйленген. Оқуын аяқтаған соң Goldman Sachs инвестициялық банкінде жұмыс істеген. Қазір әйелі екеуі Британия байларының рейтингінде 222-ші орында тұр.
7. Жапонияның бұрынғы премьер-министрі Синдзо Абэге қастандық жасалды
8 шілдеде Жапонияның экс-премьер-министрі Синдзо Абэге қастандық жасалды. Синдзо Абэ халық алдында сайлау туралы сөз қозғаған уақытта белгісіз біреу оған артынан бытыралы мылтықпен екі рет оқ атқан. Оқиға орнынан Синдзо Абэні ауруханаға алып кеткен. Жапонияның бұрынғы премьер-министрі Синдзо Абэ ауруханада көз жұмды.
67 жастағы Синдзо Абэ 2020 жылы премьер-министр қызметінен отставкаға кеткен. Бірақ Жапонияның басқарушы либерал-демократия партиясында ықпалды тұлға болып қалған. Ол Жапонияда ең ұзақ уақыт премьер-министр (2006-2007 және 2012-2020 жылдары) болған еді.
8. Биыл Ұлыбритания патшайымы Елизавета II қайтыс болды. Жаңа Британдық монарх Карл III болды.
8 қыркүйекте Ұлыбританияда Елизавета II патшайымның ауырып жатқаны, дәрігерлердің оның денсаулығына “алаңдайтыны” хабарланған. Патшайымның балалары мен король отбасының мүшелері 8 қыркүйекте Шотландиядағы Балморалдағы сарайға жиналған.
Ұлыбритания патшайымы Елизавета II 96 жасында қайтыс болды. Бұл жайында Букингем сарайы хабарлады. Елизавета II патшайым таққа 1952 жылы 6 ақпанында, яғни 25 жасында, әкесі VI Георгтың қазасынан кейін отырған. Ол – Ұлыбритания тарихындағы тақта ең көп отырған монарх. Оның орнына ханзада Чарльз Ұлыбританияның жаңа королі болды.
9. Ресейде ішінара мобилизация жарияланды
21 қыркүйекте Ресей президенті Владимир Путин ел азаматтары ішінара әскерге алынатынын мәлімдеді. Ресейде екінші дүниежүзілік соғыстан бері ішінара әскерге алу шарасы болмаған.
21 қыркүйекте Ресейде ішінара мобилизация жариялағаннан кейінгі екі аптада федерация аумағынан шамамен 700 мың адам кетті. Бұл туралы Forbes журналы Ресей президенті әкімшілігіндегі дереккөзге сілтеме жасай отырып хабарлады. Дегенмен дереккөз олардың қаншауы туристік саяхатқа шыққанын анықтау қиын екенін мойындаған.
1 қараша күні Ресей қорғаныс министрлігі мобилизацияға байланысты барлық іс-шара аяқталғанын хабарлаған. Ресей қорғаныс министрі Сергей Шойгудың сөзінше, мобилизация бойынша 300 мың адам әскер қатарына алынған. Оның 82 мыңы алғы шепке жіберілген, 218 мыңы жаттығуда жүр.
10. Илон Маск “Twitter”-ді сатып алды
28 қазанда SpaceX және Tesla компаниясының негізін қалаушы Илон Маск Twitter әлеуметтік желісін 44 миллиард долларға сатып алды.
Сәуір айында Маск компанияның 9,1% акциясын бірден 2,64 миллиард долларға сатып алып, Twitter-дің ең ірі акционері атанды. Осыдан кейін кәсіпкер қалған акцияларды сатып алуға дайын екенін айтты. Алайда шілде айында Маск компанияның оған платформада бар жалған аккаунттар туралы толық мәлімет бермегенін айтып, өз ойын өзгертті. Twitter өз кезегінде бизнесменді сотқа беруге ниетті екенін мәлімдеді, бірақ қазан айының басында Маск акцияның бақылау пакетін 44 миллиард долларға сатып алуға дайын екенін тағы да білдірді.
11. Сеулде Хэллоуин мерекесін тойлау барысында 156 адам қаза тапты
Оңтүстік Корея астанасы Сеулде Хеллоуинді тойлау кезінде жұрт сығылысып, бір-бірін таптап, 156 адам қаза тапты. Шамамен жүз адам жараланған.
Итхэвон ауданында Хэллоуинді тойлауға шамамен жүз мың адам жиналған. Коронавирус пандемиясынан бері алғаш рет Хэллоуинді тойлауға осынша көп халық жиналып отыр.
Оңтүстік Корея президенті Юн Сок Ель Сеулдегі трагедияға байланысты ұлттық аза күнін жариялап, қаза болғандардың жақындары мен туыстарына көңіл айтты.
Қаза болғандардың басым бөлігі 20 жаста болған.
12. Әлем халқының саны 8 миллиардтан асты
15 қарашада әлемдегі адам саны 8 миллиардтан асты.
Егер әлемдегі адам санының 7 миллиардтан 8 миллиардқа жетуіне 12 жыл қажет болса, 9 млрд адам болуы үшін 15 жыл керек. Яғни, Жер шарындағы адам саны тағы 1 млрд-қа артуы 2037 жылы тіркелмек. Бұл жалпы әлемдегі адам санының өсу қарқыны баяулағанын көрсетеді.
13. Катарда футболдан әлем чемпионаты өтті
20 қараша күні Катарда футболдан әлем чемпионаты басталды. Жарыстың алғашқы матчында Эквадор алаң иелері Катарды 2:0 есебімен жеңді.
Әлем чемпионаты араб елінде және Таяу Шығыста алғаш рет өтті. Катарда күн ыстық болғандықтан жарыс бірінші рет күз-қыс мезгілінде ұйымдастырылды.
Әлем кубогының финалында Аргентина құрамасы Францияны пенальти арқылы жеңіп, әлем чемпионы атанды.
Бұл әлем чемпионатында қола медальды Хорватия иеленді. Олар қола медальға таласта Мароккодан басым түсті – 2:1.
Келесі әлем кубогы 2026 жылы АҚШ, Канада және Мексикада өтіп, алғаш рет бұл турнирде 48 елдің құрамасы қатыспақ.