2022 жылдың аяқталуына да санаулы күндер қалды. Бұл жыл Қазақстан үшін оңайға соққан жоқ. Қасіретті Қаңтар оқиғасымен басталған жыл елде көп оқиғамен есте қалды. Үкімет ауысты, Назарбаевтың ықпалы “әлсіреді”, Нұр Отан партиясы атауын өзгертті, Тоқаевтың бірнеше жолдауын есіттік, Қазақстанда жаңа үш облыс пайда болды, Қапшағай Қонаев болды, референдум өтті, халық тағы кезектен тыс президент сайлауында дауыс берді, ел астанасының аты ауысты. Елді қымбатшылық жайлады, Украина жеріне басып кірген Ресейде мобилизация жарияланған соң ресейліктер Қазақстанға ағыла бастады. Мұның салдарын тағы халық тартты. Елде пәтер жалдау бағасы да бірден шарықтап сала берді. Қостанай өртке оранды. Тағы халық зардап шекті. Жыл аяқталуға жақындап, аяз бет қарып тұрған тұста 132 мыңнан аса халқы бар Екібастұз қаласы жылусыз қалды. Жылды қорытындылайтын бұл мақалада жоғарыдағы оқиғаларды тарқатып, хронологиясымен бөлісетін боламыз. 

Қаңтар, 2022 жыл.

ҚАҢТАР ОҚИҒАСЫ

Жылдың бірінші айының басты, тіпті жылдың ең маңызды оқиғасы деп Қаңтар қырғынын айтсақ артық болмас. Қаңтар айының басында Жаңаөзенде жүздеген адам сұйытылған газ бағасының 60 теңгеден 120 теңгеге қымбаттауына қарсы наразылыққа шықты. Олар әкімдік маңындағы жолды жапты. Кейін наразылық Маңғыстау облысының өзге өңірлерінде де жалғасып, Қарақия ауданындағы Жетібай кенті мен Құрық ауылында, Түпқараған ауданы Ақшұқыр ауылында тұрғындар жиналды. Олар биліктен газ бағасын 50 теңгеге түсіруді талап етті.

Қаңтар оқиғасы. Алматы. Photo: BBC

Жаңаөзендегі наразы жұртқа Маңғыстау облысы әкімі Нұрлан Ноғаев келген, бірақ наразылар оны қуып жіберді. Қалада наразылар саны үш мыңнан асты. Ақтөбе, Шымкент, Алматы, астанада жұрт Жаңаөзендегі наразылықты қолдап жиналды. Полиция наразыларды ұстай бастады.

Полиция алаңдарды қоршап, белсенділерді ұстауды күшейтті. Билік Маңғыстау облысында сұйытылған газ бағасы 50 теңге болады деген, бірақ наразылық шараларында елдегі қымбатшылық мәселесі айтылып, жұрт биліктің оставкасын талап етті. Алматы, Ақтөбе, Шымкентте де наразылық күшейе бастады.

Қаңтар оқиғасы. Photo: EPA-EFE/STR

4 қаңтарда кеш бата Алматының “Алатау” театры маңына жұрт жинала бастады. Атырау, Жаңаөзен және басқа қалаларда да наразылар тарамай тұрды. 5 қаңтарға қараған түні Алматыда жиналғандар Республика алаңына келгенде полиция көзден жас ағызатын газ, шулы граната, резеңке оқ атты. Алаң маңында полиция көліктері өртенді. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 5 қаңтарға қараған түні Маңғыстау облысы мен Алматы қаласында төтенше жағдай жариялады.

ҮКІМЕТ АУЫСТЫ

5 қаңтар таңертең президент Тоқаев үкіметтің отставкасын қабылдады. Түс ауа Алматыда атыс басталып, белгісіз адамдар тобы қала әкімдігі ғимаратына басып кіріп, өртеді. Прокуратура ғимараты да бүлінді. Ақтөбеде де жұрт әкімдікке басып кірмек болды. Бүкіл елде төтенше жағдай жарияланды. Белгісіз адамдар Республика маңындағы телеарналар орналасқан ғимаратқа да басып кіріп, техникаларды бүлдірді.

Қаңтарда ауысқан Қазақстанның жааңа үкіметі. Photo: Primeminister.kz

11 қаңтарда Әлихан Смайылов премьер-министр болып бекітілді. Тоқаев үкіметтің жаңа құрамын жариялады. Тағайындалған министрлердің көбі қызметінде қалды. Қазақстан президентті мәжіліс отырысында “Қазақстан халқына” әлеуметтік бағдарламасын жариялады.

ЕЛГЕ ҰҚШҰ ӘСКЕРІ КІРДІ

Тоқаев елге “террористік бандалар” шабуыл жасады деп, Ресейдің ықпалы мол ҰҚШҰ ұйымынан әскери көмек сұрады. Қазақстан президенті “террористік бандаларды” нақты атамады. ІІМ “18 полицей мен ұлттық гвардия сарбазы қаза болды” деді. Алматы полициясы департамент ғимаратына шабуылдаған ондаған адамның өлтірілгенін хабарлады.

ҰҚШҰ әскері.

Алматыда сауда орындарын, банктерді тонау басталды, қалада атыс дауыстары естілді. Азаттықтың дереккөздері Алматы көшесінде мәйіттер жатқанын айтты. Талдықорғанда әлдекімдер әкімдікті өртеді. Қызылордада, Шымкентте де адам шығыны бары белгілі болды.

Елде толығымен интернет өшірілді. Тәртіпсіздік кезінде мыңдаған адам зардап шеккені айтылды. ҰҚШҰ әскерлері Қазақстанға келді. Қоғамда Тоқаевтың елге шетелдік әскерлерді кіргізуіне қарсылық күшейді.

“20 МЫҢ СОДЫР”

Қазақстан билігі елде конституциялық тәртіп орнағанын, күштік құрылымдар мемлекеттік ғимараттар мен әкімдіктерге бақылау орнатқанын хабарлады. Тоқаев елге “20 мың содыр шабуылдағанын” айтып, күштік құрылымдарға ескертусіз оқ атуға бұйрық берді. Билік “контртеррористік операция” жалғасатынын жариялады. Елде бұл күні де интернет өшті.

Қаңтар оқиғасы кезінде халыққа үндеу жолдап тұрған Тоқаев. Photo: Akorda.kz

Ақорда елге шабуылдаған “20 мың содырдың” кім екенін айтпады. Ақпарат көздерінде бейбіт тұрғындар арасында да қаза тапқандар көп екені айтыла бастады.

КӘРІМ МӘСІМОВ ҚАМАУҒА АЛЫНДЫ

ҰҚК экс-басшысы Кәрім Мәсімов “мемлекетке опасыздық жасады” деген айыппен тергеу изоляторына қамалды. Оның соты ұзақ уақыт кейінгі шегеріліп, іске «аса құпия» деген белгі қойылған.

Кәрім Мәсімов.

Қазақстанның бас прокуратурасы Қаңтар оқиғасында қаза тапқандардың тізімін арада 8 ай өткеннен кейін ғана жариялады. 

Осы жылдың қараша айында Тоқаев Қаңтар оқиғасына қатысқандарға рақымшылық жасау туралы заңға қол қойды. 

Ресми деректерге қарағанда, қазір Қаңтар оқиғасы бойынша 1100-ден астам адамға сот үкімі оқылған. Басым бөлігінің бостандығы шектелген. 120-дан астам адам түрмеге кесілген. 300-ден астам адам қамау орындарында сот үкімін күтіп отыр. Қаңтарға қатысушыларға рақымшылық қолдану бойынша түпкілікті шешімді әрбір іс бойынша сот қабылдайды.

Ақпан, 2022 жыл.

ТОҚАЕВТЫҢ ҚЫТАЙҒА САПАРЫ ЖӘНЕ ҚЫСҚЫ ОЛИМПИАДАДАН ЖҮЛДЕСІЗ ҚАЙТҚАН ҚАЗАҚСТАН

Ақпан айының басты жаңалығы деп Қытайда өткен Қысқы олимпиаданы ондағы қазақстандық споршылардың нәтижесін айтуға болар. Нәтижесі дегенде бұл жарыстағы қазақстандық спортшылар жүлдесіз қайтты.

Қазақстанның қысқы олимпиадада ең жоғарғы көрсеткіш (4 орын) көрсеткен спортшысы Абзал Әжіғалиев.

Қысқы спорттан бұл жылғы ең үлкен жеңісі Олимпиаданың ашылу салтанатында ту ұстап шыққан Әжіғалиевтің 4-орыны Қазақстанның Пекин олимпиадасындағы ең үздік нәтижесі болды.

Қазақстан президенті Қытайдағы қысқы олимпиаданың ашылу салтанатын тамашалап тұр. Photo: Akorda.kz

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев олимпиаданың ашылу салтанатына қатысты. Бұл оның Қазақстандағы Қаңтар көтерілісінен кейін шетелге жасаған алғашқы сапары болатын.

РЕСЕЙДІҢ УКРАИНАҒА БАСЫП КІРУІ ҚАЗАҚСТАНҒА ҚАЛАЙ ӘСЕР ЕТТІ?

Ақпанның 23-нен 24-не қараған түні Ресей әскері Украинаға басып кірді.

Қазақстан ресми түрде Киев үкіметін мойындайды және Донбастағы сепаратистік құрылымдарды тәуелсіз республика деп қабылдамайды.

Мыңдаған қазақстандық астанадағы Украина елшілігі мен Алматыдағы қоймаға киім-кешек, балалар тағамы мен гигиена заттарын апарып, ақша аударды.

Photo: chathamhouse.org

Украинаға қарсы соғыс басталмай тұрып, ресейлік арналардан оңтүстіктегі көршісі – Қазақстанға жерге байланысты талаптар айтылып, ресейлік саясаткерлер “Солтүстік Қазақстан – “орыс халқының сыйлығы”, Орталық Азияда орыс тілінде сөйлейтін азаматтардың құқығы шектеліп жатыр” деп мәлімдеп, “жерді қайтаруды” талап еткен. Қазір Қазақстан жайлы сөздер басылып, Украина басты назарға шықты.

Қазақстандағы саяси белсенділігі жоғары қала – Алматыда өткен соғысқа қарсы митингіге бірнеше мың адам қатысқан. Жиналғандар Қазақстан билігін Ресейден іргесін аулақ салуға шақырған.

Наурыз, 2022 жыл.

ТОҚАЕВТЫҢ ЖОЛДАУЫ ЖӘНЕ “АМАНАТ” АТАНҒАН “НҰР ОТАН” 

1 наурызда билік партиясы Нұр Отан атауын Аманат деп өзгертті. Мұндай ұсынысты мәжіліс спикері Ерлан Қошанов жасаған. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұл ұсынысты қолдады.

Аманат партиясының бас ғимараты.

“Нұр Отан” бастапқыда 1999 жылы “Отан” деген атпен құрылған. 2006 жылы желтоқсанда “Нұр Отан” болып өзгертілген еді.

ТОҚАЕВ ХАЛЫҚҚА ЖОЛДАУ ЖАСАДЫ

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 16 наурызда парламентте жариялаған жолдауында жыл басында Қазақстанның барлық өңірінде бейбіт шерумен басталып, ел тарихында бұрын-соңды болмаған үлкен қантөгіспен аяқталған Қаңтар оқиғасына тоқталды.

Тоқаев Қаңтар оқиғасы жайлы сөзінде “лаңкестер” мен “содырларды” тағы да айыптады.

Тоқаев жолдауында “мемлекетке опасыздық жасаған жоғары лауазым иелері арасында әскери және арнаулы органдар басшылары болғанын, олар күштік құрылымдардың заңға сәйкес қимылдауына кедергі келтіріп, мемлекет басшылығына қалалардағы ахуал туралы жалған ақпарат бергенін айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев жолдау жасап тұр. Photo: Akorda.kz

Президент қазіргідей бүкіл билік президент қолына шоғырланған басқару жүйесінен бас тартып, құзыреті күшейтілген парламент бар президенттік республикаға өту керегін айтты. Бұған қоса президент келесідей өзгерістер енгізуді ұсынды:

  • парламент мәжілісі депутаттарының 70 пайызын – пропорционалды, 30 пайызын мажоритарлық жүйе бойынша сайлау, ал облыс және республикалық маңызы бар қала мәслихаттарын аралас жүйе бойынша сайлау;
  • мәжіліске Қазақстан халқы ассамблеясынан депутат сайлауды тыйып, ондай квотаны қысқартылған түрде сенатқа аудару;
  • мәжілістің рөлін күшейтіп, сенатқа мәжіліс қабылдаған заңды мақұлдау я мақұлдамау құқығын қалдыру;
  • Конституциялық сотты қайта жаңғырту;
  • қызмет өкілеті аяқталғанға дейін ел президенті мен бірқатар орталық билік органдары басшыларының саяси партия мүшелігін тоқтатып, жергілікті әкімдер мен орынбасарларының саяси партия филиалында басшы қызмет атқаруына тыйым салу.
  • президентті аудан және ауыл әкімдерін тағайындау құқығынан айыру;
  • президент сенатқа қазіргідей 15 емес, 10 депутатты тағайындауы керек;
  • Есеп комитетінің орнына республикалық бюджеттің орындалуын бақылайтын Жоғары аудиторлық палата құру;
  • саяси партияны тіркеу үшін оны қолдайтын адам санын қазіргі 20 мыңнан 5 мыңға дейін азайту, ал партия құру үшін бастамашыл топта кемінде 700 адам (қазір 2 мың) болса жеткілікті.

Жолдауда Тоқаев Қазақстанда жаңадан үш облыс құрылатынын, Қапшағай қаласының аты Қонаев болып өзгеретінін мәлімдеді.

Сәуір, 2022 жыл.

ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ КАРАНТИНСІЗ РАМАЗАН

Сәуірде мұсылмандардың қасиетті айы Рамазан басталды. 1 сәуір кешке араға екі жыл салып Қазақстан мешіттерінде тарауих намазы оқылды.

Рамазан айындағы тарауих намазында Құранды толық оқып бітірген қарилар.

11 сәуірден бастап Қазақстан өз азаматтары мен шетелдіктерге эпидемологиялық жағдайға байланысты қабылданған шекарадағы шектеулерді жойды.

22 сәуірде Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордада дастархан жайып, ауызашар берді. Ауызашарға депутаттар, үкімет мүшелері, жазушы және қоғам қайраткерлері қатысты.

Ақордадағы ауызашар. Photo: Akorda.kz

Президент жиналған қауым алдында сөйлеген сөзінде бұл игі дәстүрдің халықты береке-бірлікке шақыратынын атап өткен. Ол әділетті қоғам құрудың маңыздылығына тоқталған.

Мамыр, 2022 жыл.

ҚАПШАҒАЙ ҚОНАЕВ БОЛДЫ, ТОҚАЕВ ТҮРКИЯҒА БАРДЫ

3 мамырда президент Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы облысындағы Қапшағай қаласын Қонаев қаласы болып өзгеретіні туралы жарлыққа қол қойды.

Қонаев қаласы.

Тоқаев 16 наурызда жасаған жолдауында егер халық ұсынса Алматы облысындағы Қапшағай қаласын Қонаев деп өзгерту жөнінде айтқан.

10 мамырда Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Түркияда ресми сапармен келді. Сейсенбі күні кеңейтілген құрамда келіссөз өткізді, 15 құжатқа қол қойды.

Келіссөздерден кейін президенттер үстел теннисін ойнады.

Тоқаев пен Ердоған Түркияда үстел теннисін ойнап жатыр.

Маусым, 2022 жыл.

РЕФЕРЕНДУМ

Биыл 5 маусымда Қазақстанда Конституцияға өзгерістер енгізу бойынша референдум өтті.

Сайлаушылар бұл референдумда Конституцияның 33 бабына 56 түзету енгізуге байланысты дауыс берді. Олар дауыс беру бюллетеніндегі “2022 жылғы 6 мамырда бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған “Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгеріс­тер мен толықтырулар енгізу туралы” Қазақстан Респуб­ли­касы Заңының жобасында баяндалған Қазақстан Респуб­ли­касының Конституциясына өзгерістер мен толықты­руларды қабылдайсыз ба?” деген жалғыз сұраққа “иә” немесе “жоқ” деп жауап береді.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев референдумда дауыс беріп тұр.

Қазақстан заңы бойынша, сайлаушылардың жартысынан астамы дауыс беруге қатысқан жағдайда референдум өткен болып саналады.

Нұрсұлтан Назарбаев референдумда дауыс беріп тұр.

Референдум туралы заң бойынша, егер облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың кемінде үштен екісінде дауыс беруге қатысқан азаматтардың жартысынан астамы республикалық референдумға шығарылған Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізуді жақтап дауыс берсе, ол қабылданды деп есептеледі.

Үкімет референдум өткізуге бюджеттен 16,4 млрд теңге қаражат бөлетінін мәлімдеген.

ҚАЗАҚСТАНДА ЖАҢА ҮШ ОБЛЫС ҚҰРЫЛДЫ

4 мамырда президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы жарлыққа қол қойды.

Жарлықта Алматы облысының орталығын Талдықорғаннан Қонаев қаласына (Қапшағай) көшіру, Абай, Ұлытау және Жетісу облыстарын құру және бір ай ішінде ұйымдастырылатын іс-шаралар жоспарын бекіту қажеттігі жазылған. Жарлық 8 маусымнан бастап күшіне енеді.

Үш облыстың бөлінісі.

Ұлытау облысына Жезқазған, Қаражал, Сәтбаев қалалары, Жаңаарқа мен Ұлытау аудандары кіреді. Облыс орталығы Жезқазған қаласы болады.

Жетісу облысына Ақсу, Алакөл, Ескелді, Қаратал, Кербұлақ, Көксу, Панфилов, Сарқан аудандары және Талдықорған мен Текелі қалалары кіреді. Облыс орталығы – Талдықорған қаласы болмақ.

Абай облысына Абай, Аягөз, Ақсуат, Бесқарағай, Бородулиха, Жарма, Көкпекті, Үржар аудандары және Семей, Курчатов қалалары енеді. Облыс орталығы – Семей болады. Осыған дейін Шығыс Қазақстанда облыс қана емес, екі аудан да бөлінетіні хабарланған. Көкпекті, Тарбағатай аудандары 1997 жылға дейінгі қалпына келтіріліп, қайтадан екіге бөлінбек.

Шілде-Тамыз, 2022 жыл.

АСТАНАДА ОРТАЛЫҚ АЗИЯДАҒЫ ЕҢ ҮЛКЕН МЕШІТ АШЫЛДЫ

Қазақстан астанасында әлемдегі ең үлкен мешіттердің қатарына кіретін жаңа мешіт бой көтерді.

Құрылысы үш жылға созылған мешіттің орналасқан учаскесі – 10 га. Оның жалпы алаңы – 68 062 шаршы метр. Үлкен күмбездің биіктігі – 83,2 метр, диаметрі – 62 метр. Мешіттің төрт мұнарасы бар. Оның биікті – 130 метр.

Бас мешіт.

Сондай-ақ, мешіттің жерасты қабатында 440 орындық банкет залы, 405 орындық жабық паркинг, вестибюль, дәретхана, техникалық, ритуалдық қызмет көрсету орны, құрбан шалу орны және басқа бөлмелер орналасқан.

Мешіттің жалпы сыйымдылығы 235 000 (екі жүз отыз бес мың) орын, яғни бір мезетте осынша адам сапта тұрып намаз оқуға мүміндігі бар.

Республикалық Бас мешіттің ашылуына Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаев қатысты.

Қыркүйек, 2022 жыл.

ДАМЫЛСЫЗ ӨТКЕН ҚЫРКҮЙЕК

ТОҚАЕВТЫҢ ЕКІНШІ ЖОЛДАУЫ

2020-нің қыркүйегі Қазақстанда көптеген маңызды оқиғаларды қамтыды. Соларға қысқа-нұсқа тоқталып өтейік.

Күз бастала сала ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа тағы да жолдау жасады.

1 қыркүйекте Қазақстан президенті жолдау жасап жатыр. Photo: Akorda.kz

1 қыркүйектегі жолдауында Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қарашада кезектен тыс президент сайлауы, келесі жылы мәжіліс сайлауы өтетінін мәлімдеді. Жолдауда Тоқаев бір тақырыптан екіншісіне жиі ауысып, көптеген уәде берді. Қаңтар оқиғасына қатысқандарға бір реттік рақымшылық жасалатынын, кәмелетке толмаған азаматтарға арнайы есепшот ашылып, ақша салынатынын айтты.

ӨРТКЕ ОРАНҒАН ҚОСТАНАЙ

Қыркүйектің басында Қостанай облысында орман өртеніп, Әулиекөл ауданындағы бірнеше елді мекенге жайылған еді. Өрт аумағы ондаған мың гектарға жеткен. Шамамен 2 мың адам баспанасынан айырылған. Бір адам қаза болып, тағы бір адам із-түзсіз жойылған.

Қостанайдағы орман өрті.

Билік ауыл тұрғындарына шығынды өтеп, баспананы қалпына келтіруге көмектесуге уәде берген. Бірақ зардап шеккендерге арналған жаңа үйлерге тұрғындардың көңілі толмайды, ал өтемақы көлемі мардымсыз. Тұрғындардың сөзіне қарағанда, үйлер батпақ жерден салына бастаған, ал үйлерді ылғал басқан. Баспанасыз қалған жұрттың айтуынша, аймаққа келген президент Қасым-Жомарт Тоқаев үйлерінен айырылған санаулы адамдармен ғана сөйлескен.

РИМ ПАПАСЫ КЕЛДІ, ДІНДЕР СЪЕЗІ ӨТТІ

13 қыркүйекте Рим папасы Франциск Қазақстанға алғаш рет келді. Бұған дейін астанаға 2001 жылы Рим папасы Иоанна Павел келген еді.

Рим папасы Қазақстанға сапарын “бейбітшілік пен диалог сапары” деп атаған. Елу елден келген жүзге жуық делегация қатысатын съезд қарсаңында ол Украинаға басқыншылықтан туған мәнсіз және қайғылы соғысты сынға алды.

Астанада өткен әлемдік дін көшбасшыларының съезі.

14 қыркүйекте Қазақстан астанасында Әлем және дәстүрлі діндер съезі басталды.

Жиынның басты тақырыбы – “Пандемиядан кейінгі кезеңде адамзаттың рухани және әлеуметтік дамуындағы әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының рөлі”.

Съезде баяндама жасаған Рим папасы соғыстарды, кедейлікті, ауруларды тоқтатудың маңызын айтып, қазақ ойшылы Абай Құнанбаевтың сөзін келтірді.

Сол күні понтифик бірнеше мың адамға меса рәсімін өткізді. Қазақстанда рим-католик қауымдастығына кіретін 250 мыңнан астам адам бар.

Қазақньюс тілшілері бұл съезден арнайы фоторепортаж жасады.

ҚЫТАЙ БАСШЫСЫ ҚАЗАҚСТАНҒА НЕ ҮШІН КЕЛДІ?

Қытай президенті Си Цзиньпин мен Рим папасы Қазақстанға қатар келді. Бірақ ресми емес қарым-қатынастағы елдердің басшылары кездескен жоқ.

Бірақ Ресеймен қарым-қатынас ушығып тұрған кезде Қазақстан шенеуніктері үшін Қытай президенті киелі адамдай көрінген болар.

Тоқаев Қытай президентін Астана әуежайынан күтіп алған сәт. Photo: Akorda.kz

Ресми кадрлардан Тоқаевтың Си Цзиньпинді әуежайдан күтіп алғанын, екеуінің маскада болғанын және Тоқаевтің әріптесімен қытай тілінде сөйлескенін байқауға болады.

Си Цзиньпин Тоқаевқа Пекиннің Қазақстанмен байланысқа өте көп көңіл бөлетінін айтқан.

“Қытай президентінің астанаға келуі Мәскеуге “Қазақстанның Ресейдің алаңы емес екенін”, Қазақстанда сыртқы саясатты диверсификациялау үшін сұраныс пен ұсыныс бар екенін көрсетеді”, – дейді сарапшылар.

НҰР-СҰЛТАН ҚАЙТА АСТАНА БОЛДЫ, ПРЕЗИДЕНТ 7 ЖЫЛҒА САЙЛАНАДЫ

Мәжіліс депутаттары арасында құрылған “Жаңа Қазақстан” тобы 2 қыркүйекте мәлімдеме жасап, президентті жеті жылға сайлау бастамасын қолдап, Нұр-Сұлтан қаласына Астана атауын қайтаруды ұсынды.

Елді отыз жылдай басқарған Нұрсұлтан Назарбаев 2019 жылы наурызда президенттіктен кетіп, Тоқаевты уақытша президент деп жариялаған еді. Артынша Тоқаев Астана қаласының атауын “Нұр-Сұлтан” деп өзгертуді ұсынып, бұл ұсынысты депутаттардың бәрі қолдаған.

Астана қаласы.

16 қыркүйекте парламент бірлескен отырысында Конституцияға енгізілетін бірқатар өзгерістер атап айтқанда, президенттікті жеті жылдық бір мерзіммен шектеуді, Астана атауын қайтаруды және конституциялық сот судьяларының өкілет мерзімін 8 жылға ұлғайтуды мақұлдады.

17 қыркүйекте президент Қасым-Жомарт Тоқаев Конституцияға енгізілетін бірқатар өзгерістер атап айтқанда, президенттікті жеті жылдық бір мерзіммен шектеу, Астана атауын қайтару және конституциялық сот судьяларының өкілет мерзімін 8 жылға ұлғайту туралы түзетулерге қол қойды.

ГОЛОВКИН-КАНЕЛО ЖЕКПЕ-ЖЕГІ

Қазақстандық кәсіпқой боксшы Геннадий Головкин мексикалық Сауль Альвареспен үшінші рет жекпе-жекке шығып, төрешілер шешімімен жеңілді. 12-раундқа созылған жекпе-жекте үш төреші де жеңісті мексикалық боксшыға берді: 116-112, 115-113 және 115-113 .

Головкин мен Альварестің үшінші жекпе-жегі. Photo: mmamania.com

Барлық раундта 32 жастағы Канело 40 жастағы Головкиннен бір бас жоғары болды. Жекпе-жекте Канелоның соққылары дәлірек, қорғанысы мығымырақ болды.

Сонымен Альваресте 58 жеңіс, екі тең, екі жеңіліс болды. Ал Головкин кәсіпқой бокстағы карьерасында екінші рет жеңілді. Оның еншісінде 42 жеңіс, бір тең жекпе-жек бар.

РЕСЕЙДЕ ЖАРИЯЛАНҒАН МОБИЛИЗАЦИЯ ҚАЗАҚСТАНҒА ҚАЛАЙ ӘСЕР ЕТТІ

21 қыркүйекте Ресей президенті Владимир Путин Ресей әскерін ішінара мобилизациялайтынын айтып үндеу жасады. Бұл Ресейде екінші дүниежүзілік соғыстан бері болмаған жағдай.

Ресей әскері. Photo: Lenta.ru

Ресейліктер алыс-жақын шетелге ағыла бастады. Билет бағасы шарықтады. Қазақстанда пәтер бағасы күрт өсті. Алматы және Астана секілді ірі қалалардағы ХҚО-ларда кезек көбейді.

Қазақньюс сол уақыттарда саясаттанушының мобилизация туралы болжамын жариялаған.

РЕСПУБЛИКА КҮНІ ҚАЙТА ОРАЛДЫ

29 қыркүйекте Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Республика күнін қайтару және тұңғыш президент күнін мейрам санатынан алу туралы заңнамалық өзгерістерге қол қойды.

Қазақстанда тұңғыш президент күні 2011 жылдан бері атап өтіліп келген. Депутаттар бұл датаны елдің сол кездегі президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың “мемлекет алдындағы еңбегін таныту мақсатында” мемлекеттік мереке деп жариялаған еді.

Ал 1990 жылғы 25 қазанда егемендік декларациясы жарияланған күн елде 2009 жылға дейін “Республика күні” ретінде аталып келген еді. Кейін бұл мереке қоғам қарсылығына қарамастан күнтізбеден алынған.

Қазан, 2022 жыл.

ӘЛЕМ ПРЕЗИДЕНТТЕРІ ҚАЗАҚСТАНҒА АҒЫЛҒАН АЙ

Қазан айы ресми жиналыстар, Астанаға әлем президенттері ең көп ат басын бұрған уақыт болды. 12 қазанда Қазақстанға мемлекеттік сапармен Қатар шейхі Тәмим бен Хамад Әл Тәни және Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған келді.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев және Катар әмірі Тәмим бен Хамад Әл Тәни. Photo: Akorda.kz

 

Бұл жолғы ойын Ақордада өтті.

Ердоғанның сапарынан Қазақньюс тілшілері фоторепортаж дайындады.

Сарапшылардың пікірінше, Түркия Орталық Азияда ықпалын арттырып, Мәскеу “ықпал ету аймағы” ретінде қарайтын түркітілді елдермен байланысын нығайту жолдарын іздеп жатыр.

13 қазанда Түркия президенті Режеп Ердоған мен Ресей басшысы Владимир Путин Астанада кездесті.

Ердоған мен Путин.

Ресей Украинаға басып кіргелі бері Түркия Мәскеумен өзге де келіссөздер жүргізуге көмектескен. Атап айтқанда, Анкара жазда Украинаның Қара теңіздегі порттарын босату туралы келісімнің қойылуына атсалысы. Сол арқылы Украинада қалған астық, азық-түлік әкетілген.

Түркия сонымен бірге Ресей мен Украина арасында тұтқын алмасу кезінде де маңызды рөл атқарды.

ТМД басшыларының саммиті.

 

АӨСШК саммиті

 

АӨСШК саммиті кезінде.

 

Орталық Азия – Ресей саммиті.

Қазан айының соңына қарай Қазақстанға Еуропалық Кеңестің президенті Шарль Мишель Қазақстанға ресми сапармен келді. Бұл уақытта Астанада Еуропалық Кеңес президенті Орталық Азия мемлекеттері басшыларымен де кездесті.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев және Еуропалық Кеңес президенті Шарль Мишель.

Қараша, 2022 жыл.

КЕЗЕКТЕН ТЫС ПРЕЗИДЕНТ САЙЛАУЫ

Қараша айы сайлау науқанымен өтті. 20 қарашада елде кезектен тыс президент сайлауы өтті. 21 қарашада Орталық сайлау комиссиясы елде өткен кезектен тыс президент сайлауының алдын ала қорытындысын жариялады. Сайлауда жалпы 11 953 465 Қазақстан азаматы дауыс берген. 

Орталық сайлау комиссиясының ғимараты. 21 қараша, 2022 жыл.

Орталық сайлау комиссиясы президенттікке алты кандидатты тіркеген: “Халықтық коалиция” кандидаты, қазіргі президент Қасым-Жомарт Тоқаев, кәсіби әлеуметтік жұмысшылардың ұлттық альянсы кандидаты – Қарақат Әбден, жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы атынан Нұрлан Әуесбаев, “Ауыл” кандидаты Жигули Дайрабаев, “Аманат” кәсіподақтар достастығы атынан Мейрам Қажыкен және “Қазақ аналары — дәстүрге жол” кандидаты Салтанат Тұрсынбекова.

Халықаралық ұйымдар атап айтқанда, ЕҚЫҰ-ның Демократиялық институттар және адам құқықтары бюросы (ДИАҚБ) мәлімдеме жариялап, “Қазақстандағы кезектен тыс президент сайлауы бәсеке жоқ саяси ахуалда өтті”, “сайлау күні бейбіт митинг өткізу және пікір айту еркіндігі тағы шектелді” деп сынаған. 

Қазақстан билігі бұл сынмен келіспейтіндігін мәлімдеп, ЕҚЫҰ құжатын “объективті емес” деп санайтынын айтқан.

Жуырда Тоқаев бастамасымен Конституцияға енгізілген өзгерістерге сәйкес, елде президент бір реттік мерзіммен жеті жылға сайланады. Сарапшылар Тоқаевтың билігін нығайтуға күш салатынын айтып отыр.

ИНАУГУРАЦИЯ ҚАЛАЙ ӨТТІ?

26 қарашада Астанадағы Тәуелсіздік сарайында Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевты ұлықтау рәсімі өтті.

Тоқаев Қазақстан халқына салтанатты түрде ант бергеннен кейін Орталық сайлау комиссиясының төрағасы оған Қазақстан президенті куәлігін тапсырды.

Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров Қасым-Жомарт Тоқаевқа президент куәлігін тапсырып тұр.

Салтанатты рәсімге бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаев та келді. Ол Тоқаевты 21 қарашада жеңісімен құттықтаған.

Салтанатты рәсім кезінде сөйлеген президент Қасым-Жомарт Тоқаев сайлаудың “әділ әрі ашық өткенін” айтты. Ол ендігі ортақ мақсат “заң мен тәртіп үстемдік құратын, азаматтардың құқығына лайықты құрмет көрсетілетін әділетті Қазақстанды құру” деді.

ЖЫЛУСЫЗ ҚАЛҒАН ЕКІБАСТҰЗ

27 қарашаға қараған түні 150 мың тұрғыны бар Екібастұзда жергілікті жылу электр орталығындағықазандықтар істен шығып, ондаған көпқабатты тұрғын үй, сонымен бірге жеке үйлер мен әлеуметтік нысандар 30 градус аязда жылусыз қалды.

Моноқалада техногенді сипаттағы төтенше жағдай жарияланып, 8 желтоқсанға дейін күшінде болды. Көптеген үйлерде жылу радиаторлары, су құбырлары жарылған, канализация желілері қатып қалған.

Екібастұз қаласы.

Екібастұздағы жылу магистраліндегі ақаулардан кейін билік жергілікті аумақта техноген сипатындағы төтенше жағдай жариялаған. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 1 желтоқсанда Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Ысқақовты қызметінен босатты.

Мәселе туындаған шақта инфрақұрылымның ескілігі мен бақылаудың жетіспеушілігі жөнінде айтылды. Қазандықтар ресми түрде ЖЭО мамандарының қателігінен істемей қалды деп түсіндірілді. Сыбайлас жемқорлықпен күрес агенттігі төтенше жағдай саладағы жүйелі жемқорлықпен де байланысты деп мәлімдеген. Қазақстанда жылу электр орталығының иелері модернизация жүргізуге мүмкіндік бермейтін төмен тарифке шағымданады. Сарапшылар коммуналдық төлем ретінде жиналған қаржы жұмсауда ашықтық жоғын алға тартады.

Желтоқсан, 2022 жыл.

 ТОЙЛАНБАҒАН ТҰҢҒЫШ ПРЕЗИДЕНТ КҮНІ, ҚАҢТАР ҚҰРБАНДАРЫНА ҚОЙЫЛҒАН МЕМОРИАЛ

Қазақстан биыл алғаш рет тұңғыш президент күнін тойламады. Бұрын мемлекеттік деңгейде сән-салтанатымен мерекеленетін дата биыл елеусіз өтті. Күзде парламент бұл күнді мемлекеттік мереке қатарынан шығарып тастаған.

Қазақстанның бірінші президенті Нұрсұлтан Назарбаев.

7 қыркүйекте мәжіліс депутаттары “Мерекелер туралы заңға” өзгеріс енгізіп, 1 желтоқсанда тойланатын Тұңғыш президент күнін мемлекеттік мереке тізімінен алып тастауды мақұлдады.

Тұңғыш президент күні енді “қоғамдық жоғары маңызы бар дата” болды. Бұған қоса, мәжіліс 25 қазан Республика күнін қайтарып, ұлттық мереке статусын берген. Ал 16 желтоқсан Тәуелсіздік күні мемлекеттік мереке статусына түсті.

БИЛІКТІҢ ҚАҢТАР ҚҰРБАНДАРЫНА ЖАСАҒАН ШАЛА “ТАҒЗЫМЫ”

23 желтоқсанда Алматыда Қазақстан президенті Қасым- Жомарт Тоқаев Қаңтар оқиғасының құрбандарына арналған мемориалды ашқан еді. Ескерткішті ашу рәсіміне негізінен шенеуніктер мен бюджет қызметкерлері қатысқан. Қаңтар оқиғасы кезінде мерт болғандардың туыстары қатыса алмады.

“Тағзым” мемориалы.

Президент кеткен соң мемориалға келген қоғам белсенділері мен Қаңтар оқиғасы кезінде ет жақындары қаза болған адамдардың мемориалға көңілі толмағаны байқалған. Олар “Жаңа ескерткіш Қаңтар қырғынына тағзым етуге лайық емес” деп есептеп, қаза болған 238 адамның аты-жөні жазылмағанына наразылығын білдірген.

Мүсіншілер де мемориал нұсқалары қоғамда ашық талқыланбағанын, мүсіншілер арасында байқау болмағанын айтқан. Жексенбі күні әлеуметтік желіде мемориалдың сапасын сынаған видео да тарады.

Жылды Қаңтар оқиғасымен бастап, соңын оқиға құрбандарына биліктің қойған мемориалы жөнінде жазып аяқтадық. Материал ұзақ та болса уақыт арнап оқып көрссеңіз, Қазақстанның бір жылы көз алдыңыздан өтеді деп сенеміз. Әрине бір мақаламен бір жылды қамту мүмкін емес. Дегенмен есте қалған, маңызы бар деген оқиғаларды тізіп шықтық. Қазақньюс тілшілері бір жыл бойы сіздерге барынша обьективті, шынайы ақпарат таратуға тырысты. 

Келе жатқан жаңа жыл құтты болсын!

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз