21 қыркүйекте Ресей президенті Владимир Путин ел азаматтары ішінара әскерге алынатынын мәлімдеді. “Бұл туралы жарлыққа қол қойылды” деді ол таңертеңгі үндеуінде.

Владимир Путиннің сөзінше, әскер қатарына тек запаста тұрған, әскери білімі мен тәжірибесі бар азаматтар алынады, мобилизация 21 қыркүйектен, яғни бүгіннен басталады.

Ресейде екінші дүниежүзілік соғыстан бері ішінара әскерге алу шарасы болмаған.

Ресей президенті ішінара әскерге алу туралы мәлімдемені Украинаның шығысындағы Херсон облысы мен Запарожье облысының бір бөлігіндегі ресейшіл сепаратистердің Ресейге қосылу туралы референдум өткізер күнді белгілеген соң жасап отыр. “Референдум” 23-27 қыркүйекте өтуі мүмкін. Украина мұндай “референдумды” мойындамайтынын бірнеше рет қайталаған.

Ол халыққа үндеуінде “Ресей референдум қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қолынан келгеннің бәрі жасайды”, “Батыс әбден шектен шықты. Жауапсыз саясаткерлер Ресейге шабуыл жасау үшін Украинаға қажетті қару беруге шақырып жатыр” деп мәлімдеді.

20 қыркүйекте, Ресей мемлекеттік думасы Қылмыстық кодекске “мобилизация”, “соғыс жағдайы”, “соғыс уақыты” деген ұғымдарды жылдамдатып енгізген. Украинаның Харьков қаласы маңындағы жеңілістерінен кейін Ресейде жаппай әскерге алу туралы сөз көбейе бастаған.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз