Қазақстанда референдум басталды

0
291
Дауыс беріп жатқан кісі.

5 маусым күні Қазақстанда Конституцияға өзгерістер енгізу бойынша референдум басталды. Жексенбі таңертеңгі сағат 7-де сайлау учаскелері ашылды. Олар кешкі сағат 8-де дейін істейді.

Ресми ақпарат бойынша, бүгін 10 мыңнан астам сайлау учаскесі жұмыс істейді. Елде дауыс беруге құқығы бар 12 миллионнан астам азамат бар.

Уақыт айырмашылығына байланысты Қызылорда және елдің батыс өңірінде сайлау учаскелері бір сағат кеш ашылады.

Сайлаушылар бұл референдумда Конституцияның 33 бабына 56 түзету енгізуге байланысты дауыс береді. Олар дауыс беру бюллетеніндегі “2022 жылғы 6 мамырда бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған “Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгеріс­тер мен толықтырулар енгізу туралы” Қазақстан Респуб­ли­касы Заңының жобасында баяндалған Қазақстан Респуб­ли­касының Конституциясына өзгерістер мен толықты­руларды қабылдайсыз ба?” деген жалғыз сұраққа “иә” немесе “жоқ” деп жауап береді.

Қазақстан заңы бойынша, сайлаушылардың жартысынан астамы дауыс беруге қатысқан жағдайда референдум өткен болып саналады.

ОСК-ның хабарлауынша, референдум барысын 25 елден және 11 халықаралық ұйымнан келген 272 шетелдік бақылаушы қадағалайды. Бұл осыған дейін елде өткізіліп келген сайлаулармен салыстырғанда әлдеқайда аз. 2019 жылы маусымда өткен президент сайлауына мыңнан астам, ал 2021 жылы парламент сайлауы кезінде 400-ге жуық бақылаушы болған еді.

Референдум туралы заң бойынша, егер облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың кемінде үштен екісінде дауыс беруге қатысқан азаматтардың жартысынан астамы республикалық референдумға шығарылған Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізуді жақтап дауыс берсе, ол қабылданды деп есептеледі.

Үкімет референдум өткізуге бюджеттен 16,4 млрд теңге қаражат бөлетінін мәлімдеген.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз