Мәжіліс спикері: “Елбасы туралы” заңның күшін жою мәселесі келесі жылы қаралады

0
166
Нұрсұлтан Назарбаев. Photo: Turar Kazangapov

28 желтоқсан күні Қазақстан парламенті мәжілісінің депутаттары “Тұңғыш президент – елбасы туралы” заңды қарауға алды. Осы заңның күшін жою туралы құжат депутаттар Конституцияға экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың ерекше мәртебесін негізгі заңнан алып тастау және оның отбасына берілген артықшылықты жою жөнінде тиісті өзгерістер енгізгеннен кейін жарты жыл өткеннен соң парламентке ұсынылып отыр.

Сәрсенбі күні палатаның жалпы отырысынан кейін журналистердің Нұрсұлтан Назарбаевтың айрықша мәртебесі туралы қойған сұрағына мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов “егер бұл заң күшін жойса, ондағы көрсетілген барлық иммунитет те күшін жояды” деп жауап берді.

Қошановтың сөзінше, заңның күшін жою мәселесі парламенттің 2023 жылғы бірлескен отырысында қаралмақ.

Сонымен қатар журналистер мәжіліс төрағасынан егер қандай да бір айып тағылса, тұңғыш президентті қылмыстық жауапқа тарту мүмкін бе деген сұрақ қойды. Қошанов “заң күшін жойса – бұл заңда көрсетілген барлық иммунитет те күшін жоятындықтан”, ондай жағдай болуы “мүмкін” екенін, әйткенмен “гипотеза тұрғысынан қандай айып тағылса да оны алдымен дәлелдеу керегін” де айтты.

Биыл маусым айында өткен референдум қорытындысына сай, Конституциядан Нұрсұлтан Назарбаевқа байланысты баптар алып тасталғанымен, оның ерекше мәртебесі туралы конституциялық заң әлі күшінде. Оған сәйкес, бұрынғы президентке айрықша құзірет пен жауапқа тартылмайтын құқық берілген. Назарбаевты ұстауға, тінтуге, одан жауап алуға және жеке басын жете тексеруге тыйым салынған. Бұған қоса онымен бірге тұратын отбасы мүшелерін де тергеп-тексеруге болмайды. Олардың дүние-мүлік, банк шоттарының құпиялығына да кепілдік берілген.

Қаңтар оқиғасынан кейін көпшілік алдына өте сирек шығатын Нұрсұлтан Назарбаев өзінің ерекше мәртебесі жайлы бапты Конституциядан алып тастау және “Тұңғыш президент – елбасы туралы” заңның күшін жою жөнінде әзірге ешқандай пікір білдірген жоқ.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз