Тоқаев Ақордада ауызашар берді

0
456
Ақордадағы ауызашар. Photo: Akorda.kz

22 сәуірде Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордада дастархан жайып, ауызашар берді. Ауызашарға депутаттар, үкімет мүшелері, жазушы және қоғам қайраткерлері қатысты.

Президент жиналған қауым алдында сөйлеген сөзінде бұл игі дәстүрдің халықты береке-бірлікке шақыратынын атап өткен. Ол әділетті қоғам құрудың маңыздылығына тоқталған.

“Жақын арада Конституциямызды өзгертетін болдық. Бірақ, ең алдымен, жұртымыздың сана-сезімі жаңғыруы қажет. Бұл – оңай шаруа емес. Алдымызда көптеген түйткілдер бар, сондықтан бәріміз жұмыла еңбек етуіміз керек. Ең бастысы, ниетіміз таза, пейіліміз түзу болуға тиіс. Бір-бірімізге жанашырлық танытуымыз керек. Қазір бүкіл адамзатқа дәл осындай қасиеттер жетіспей жатыр”, – деді ол.

Президент ислам дінінің өркениет құндылықтарын, бейбітшілік ұғымдарын насихаттайтынын атап өтті.

“Жұртымыз қашанда бейбіт өмірді бағалай білген. Біз осы ұстанымнан айнымаймыз. Ол үшін елімізге береке-бірлік, өзара түсіністік қажет. Ислам адамдарды бөлінуге емес, бірлікке шақырады. Имандылық – ең асыл қасиет. Сондықтан, дәстүрлі дініміз ұрпақ тәрбиесінің өзегі болуы керек. Ұрпаққа осындай өнегелі тәрбие беру – бәріміздің ортақ міндетіміз”, – деді Тоқаев.

Қазіргі уақыт әлемде мұсылмандар үшін қасиетті саналатын Рамазан айы. Мұсылман жұрты бұл қасиетті айда отыз күн бойы таң атқаннан күн батқанға дейін ас-су ішуден тыйылады. Қасиетті айды құлшылықпен өткізуге тырысады.

Ауызашар мұсылмандар үшін Рамазан айындағы маңызды сәт саналады.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз