«Балалар – өмірдің гүлі» – бұл тіркес түрік халқы үшін ерекше мәнге ие.

Түркияда бүгін, 23 сәуір күні, халық арасында ‘Çocuk Bayramı’ аталып кеткен, біздегі аналогия бойынша, «Балаларды қорғау күні» жаппай аталып өтеді.

Анадолыда бүгінгі күннің басты қаһарманы балалар болмақ. Тіпті бұл күні президент, премьер-министр мен мәжіліс басшысы секілді жоғары лауазымды тұлғалардың өзі өскелең ұрпаққа құрмет көрсетіп, санаулы минуттарға болса да, креслоларын оларға табыстайды. Бұл сәт мемлекеттік арналардан көрсетіліп, журналистер президент/премьер/спикер балақайға мемлекеттік маңызға ие сауалдар қойып, көкейлерінде жүрген түйткіл мәселелер жайлы сөз қозғатады.

23 сәуір – Ұлттық егемендік және балалар мерекесінің бұлай аталып өтуі – республика негізін қалаған Мұстафа Кемал Ататүріктен үзілмей келе жатқан дәстүр. Отанын жау қолынан құтқарып, Анадолы халқын аман алып қалған Ататүріктей кемел басшы елінің азат әрі заманмен иық тірескен озық ұлт болуын қалады. Экономикасы ілгері, демократиясы дамыған мемлекеттің құрылуында өнеркәсіптің рөлінің жоғары екенін байқаған Мұстафа Кемал көш ілгері кеткен батысты қуып жету үшін білім беру саласының жаңаша форматта реформалануын көздеді. «Бүгінгі балалар – ертеңгі ересектер» деп, ел тізгінін жас жеткіншектерге аманат еткен Ататүрік оларға үлкен сенім және зор үмітпен 23 сәуір мерекесін сыйға тартты.

Мұстафа Кемал Ататүрктің өсиеті бойынша, бұл күні ересектер бір уақытқа өз лауазымы мен беделінен бас тартуы қажет. 23 сәуір мерекесінің негізгі философиясы осында. Ал тарих тұрғысынан қарасаңыз, 1920 жылдың 23 сәуірінде Түркияның Ұлы халықтық мәжілісінің (TBMM) алғашқы отырысы ашылған.

ЖҮЗДЕГЕН СӘБИ 23 СӘУІРДІ АБАҚТЫДА «ТОЙЛАЙДЫ»

карикатурист Карлос Латуф. Түрік абақтыларындағы аналар мен сәбилер жайлы

Түрік мәжілісіне Халық-республикалық партиясы атынан Ыстамбұл округі арқылы сайланған депутат Барыш Яркадаштың айтуынша, Түркияда қазіргі таңда 704 бала 23 сәуір мерекесін абақтыда атап өтеді. Бұл ешбір кінәсі жоқ балалардың дені 0-6 жас аралығында, олар саяси сипаты бар баптармен қамауға алынған аналарымен бірге абақтыға жабылған. Депутаттың мәлімдеуінше, саяси баптармен жабылған азаматтардың абақтыларда көрмеген қорлығы қалмаған.

Аналардың мектеп жасына толмаған балаларымен бірге абақтыда күн кешуге мәжбүр екенін мәлімдеген Яркадаш сәбиімен қамауға алынған аналардың арасында жай ғана «Балалар өлмесін!» деп үндеу тастаған Айше есімді мұғалімнің бар екенін айтады. Айше мұғалім «террористік ұйымның пропагандасын жасады» деп айыпталып, 8 айлық нәрестесімен бірге абақтыға қамалған.

Айше мұғалім 8 айлық нәрестесімен. (фото twitter желісінен)
Бауыржан Мұқан

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз