Жақында АҚШ президенті Джо Байден Ауғанстаннан Америка әскерін шығару туралы мәлімдеме жасайды. Вашингтон 2021 жылдың 11 қыркүйегіне дейін Ауғанстаннан әскерін әкетуді жоспарлап отыр. Бұл туралы сейсенбі күні журналистермен кездескен Ақ үйдің ресми өкілі хабарлаған.
Вашингтон 1 мамырға дейін әскер әкету туралы былтыр берген уәдесін орындамайтын болды. BBC агенттігінің хабарлауынша, былтыр Дональд Трамп әкімшілігі кезінде тәліптермен келіссөз кезінде мамыр айына дейін әскер әкету туралы келісім болған.
Осыған дейін Байден 1 мамырға дейін әскер әкету оңай шаруа еместігін мойындаған. АҚШ пен НАТО өкілдері тәліптердің уәдеде тұрмай, Ауғанстанда күш көрсетуін доғармай отырғанын бірнеше рет ескерткен. Егер АҚШ әскерін әкетуге дайындық кезеңінде тәліптер шабуылын тоқтатпаса, онда оларға “жауап қайтарылатыны” жайлы ескерту де жіберілген.
АҚШ әскерін әкетудің жаңа мерзімі 2001 жылы 11 қыркүйектегі терактіні еске алу күнімен сәйкес келеді.
Президент Джо Байден мәлімдемесін сәрсенбі, 14 сәуірде жасайды деп айтылады.
Осыдан он жыл бұрынғы АҚШ президенті Барак Обама “Талибанды”жеңу үшін күш салу стратегиясы аясында Ауғанстанға 100 мыңға жуық әскер жіберді. Трамп президенттігі аяқталар тұста бұл елдегі АҚШ әскери күштерінің саны 2500-ге азайған.