АҚШ қорғаныс министрлігі 1 шілдеде Украинаға 820 млн доллар көлемінде әскери көмек көрсететінін мәлімдеді.
Жаңа көмек пакеті аясында АҚШ Украинаға әуе шабуылынан қорғанатын екі қондырғы, дүркіндете ататын HIMARS реактивті құрылғысына арналған қосымша оқ-дәрі береді. Бұған қоса, 150 мың снаряд пен артиллериялық радарға қарсы төрт құрылғы жіберу жоспарланып отыр.
“Украинаның майдандағы қажеттіліктерін өтеуге мүмкіндігі болу үшін АҚШ одақтастары және әріптестерімен бірге жұмыс істеп жатыр” деді Пентагон өкілдері.
АҚШ қорғаныс министрлігі Норвегиямен әріптестікті ерекше атап өтіп, соның арқасында Киевке “Ресейдің сұрапыл әуе шабуылдарынан қорғануға мүмкіндік беретін” NASAMS кешені жеткізілгенін айтты.
24 ақпаннан бері АҚШ Украинаға шамамен 7 млрд доллар көлемінде көмек берген.
Жұма күні Норвегия да Украинаға қорғаныс саласын нығайту үшін 1 млрд еуро бөлетінін мәлімдеді. Бұл қаражат сонымен бірге Украина азаматтарын қолдауға және елді қалпына келтіруге жұмсалмақ.
Украина президенті Владимир Зеленскиймен өткізген ортақ баспасөз мәслихатында Норвегия премьер-министрі Йонас Гар Стере өмір сүру үшін күресіп жатқан Украинамен бір екенін жеткізді.