АҚШ Украинадағы елшілігін басқа қалаға көшіреді

0
203
Украина астанасы Киевтегі АҚШ елшілігі.

Ресейдің Украинаға басып кіру қаупіне байланысты АҚШ Киевтегі елшілігін Львовқа уақытша көшіреді. Бұл жөнінде АҚШ мемлекеттік департаментінің сайтында хабарланды.

Ақпаратқа қарағанда, бұл әрекет дипломатиялық миссия мүшелерінің қауіпсіздігін сақтау үшін жасалған, қолайлы жағдай туған сәтте қайтадан Киевке оралады. Киевтегі елшілік компьютерлері мен өзге де құрал-жабдықтар жойылып, телефон жүйесі бұзылады.

“Елшілік Украинамен дипломатиялық қатынасты үйлестіре отырып, Украина үкіметімен өзара ақпарат алмасады. Дағдарысты жою үшін біз де дипломатиялық күшімізді мейлінше жұмсап жатырмыз”,- дейді АҚШ мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен.

Блинкен “Ресей адал әрекетке көшетін болса бұл бағытта дипломатиялық жол ашық” деп атап өткен.

Канада да елшілігін Киевтен Львовқа ауыстыру туралы шешім қабылдады, Германия Днепрден Львовқа көшірмекші. Еуропа одағының Украинадағы өкілдігінің басшысы Матти Маасикас 14 ақпанда “Еуропа одағына мүше елдердің барлығының елшіліктері Киевте жұмысын жалғастырып жатқанын” твиттеріне жазды.

АҚШ, Канада, Черногрия, Нидерланды, Жапония, Латвия, Ұлыбритания, Эстония, Дания, Норвегия, Жаңа Зеландия, Германия, Литва, Финляндия, Италия, Швеция, Чехия және Ирак өз азаматтарына Украинадан кетіп қалуға кеңес берді.

Былтыр күзден бері Ресей Украинамен шекарасына әскерін шоғырландырып жатқаны туралы ақпараттар көбейе бастаған. АҚШ пен Батыстың өзге де елдері “Мәскеу басып кіруді көздеп отыр” деп Украинаға әскери көмек бере бастаған.

Кремль мұндай болжамдарды теріске шығарып, АҚШ пен НАТО-дан Ресей қауіпсіздігіне кепілдік беруді, НАТО-ны шығысқа қарай кеңейтпеуді талап еткен. Батыс өкілдері мұндай талапқа мойынсұнбайтынын мәлімдеген.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз