АҚШ өзінің еуропалық одақтастарын Иранның зымыран бағдарламасы үшін аталған мемлекетке қарсы санкция салуға шақырды. Бұл туралы 28 сәуірде АҚШ мемлекеттік хатшысы Майк Помпеоның кеңесшілерінің бірі Брайан Хук зымыран келісіміне қатысы бар барлық мемлекеттер аталған ұйымның тұлғалары мен ұйымдарына айыппұл шараларын қолдануы керек деп мәлімдеді.
Жақын күндері Еуропа елдерімен санкциялар жайы анықталатын болады деп мәлімдеді шенеунік. Dw.com таратқан ақпарға сәйкес, Б. Хук АҚШ президенті Д. Трамп сынға алған Иранның ядролық мәмілесіне өзгерістер енгізу туралы Еуроодақпен келіссөздер жүргізіп жатқанын хабарлады.
Аталған мәлімдемені Хук Эр-Риядта жасады. Өз кезегінде АҚШ мемлекеттік хатшысы Пампео өзінің мемлекеттік хатшы ретіндегі алғашқы сапарын Таяу Шығыс елдеріне сапардан бастаған еді. Сауд Арабиясынан өзге мемлекеттік хатшы Иордания мен Израильге сапарлауға ниетті. Хуктың айтуынша, Иранның зымыран бағдарламасы Сауд Арабиясы өкілдері мен америкалық өкілдердің күн тәртібіндегі басты тақырып болмақ.
Бұған дейін АҚШ президенті Д. Трамп Иранмен атом бомбасына қатысты жасалған келісімшартты 12 мамыр күні аталған құжат қатаңдатылып, иран зымыран бағдарламасына жаңа шектеулер енгізілмейтін болса, тәрк етемін деп сес көрсетті. Тегеран өз кезегінде бекітіліп қойған келесімшартқа жаңа түзетулер енгізуді қабыл алмады.
Келісімшарт барысында Иран уран байытуды бірден шектейтіндерін және өзінің атом бағдарламасына әлдеқайда қатаң халықаралық шектеулер енгізуге келісетіндерін айтқан еді. Иранның бұл әрекетіне жауап ретінде оған енгізілген санкциялар алынып тасталды.
АҚШ-тың БҰҰ-дағы тұрақты өкілі Никки Хейли сәуірде КХДР басшысы Ким Чен Ынның иран атом мәмілесінің жай-күйімен толық танысқандығын хабарлады. Трамп Иранмен атом бағдарламасы туралы келісімшартты «барлық уақыттағы ең нашар мәміле» деп атады.
Сафина Саид