Астанада EXPO-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесінің жабылу салтанаты өтті. Көрменің салтанатты жабылу рәсімінде сөз алған Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев, National Geographic журналының шешімімен, Астана «Болашақ қаласы» аталымын жеңіп алғанын және New York Times газетінің мәліметінше, Қазақстан саяхаттап баруға болатын лайықты елдер тізіміне енгенін атап өтті.

Бұдан өзге Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев ЭКСПО көрмесінің сәтті өткерілуі елдің қолдауының арқасында жүзеге асқанын және осыдан 90 күн бұрын 10 маусымда аталған трибунада тұрғанын, енді міне көрме өз мәресіне жақындап келе жатқанын атап айтты. Қазақстан басшысы ЭКСПО-2017 көрмесін ресми жабық деп жариялап,  көрменің сәтті өткерілуіне үлес қосқандарға зор алғысын білдірді.

Көрменің ресми жабылу сәтінде EXPO көрмелер бюросының бас хатшысы Винсен Лосерталестің сөзі беріліп, бас хатшы тарапынан Қазақстан көрмені абыроймен атқарып шыққандығы атап өтілді. Сонымен қатар В. Лосерталес көрме діттеген мақсатына жеткенін және осы орайда аталған жобаны жүзеге асыруға күш салған Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа алғысын жеткізді.

Арнайы театрландырылған қойылыммен басталған жабылу салтанаты келген меймандар мен қатысушыларға әдемі әсер сыйлады. Жабылу салтанатына қатысушылар «Нұр Әлем» сферасын жағу үшін қол ұстасты.

Ресми жабылу салтанаты аяқталғаннан кейін, мерекелік от шашу болып, ЭКСПО аумағына жиналған қауымды шаттыққа бөледі. Шоудың шарықтау шегі өте әсерлі өтті. Кейіннен сахнада қазақстандық өнер жұлдыздары өнер көрсетіп, меймандарды әдемі ән әрі қойылымдарымен тәнті етті.

Атап өтсек, «Нұр Әлем» сферасын салуға 13 мың тонна металл қажет етілген, бұдан өзге ЭКСПО көрмесі аясында 100 млн сурет түсіріліп, 88 жүрек жарды ұсыныстар айтылған. Көрмені 4 миллионға жуық кісі аралаған, әлемнің 180 елінен жарты миллион (әр алтыншы мейман шетелдік) турист ЭКСПО көрмесін тамашалауға келген.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз