Тәжікстан, Қырғызстан, Қазақстан және Өзбекстан 25 мемлекеттің қатарында “Қырым автономды республикасы және Севастополь қаласындағы (Украина) адам құқығы жағдайы” қарарының жаңартылған жобасына қарсы дауыс берді. Аталған қарар БҰҰ Бас ассамблеясының үшінші комитеті отырысында қабылданды. Бұл туралы БҰҰ-ның Украинадағы Миссиясы өзінің Twitter парақшасында хабарлады.
Жоба қарарын барлығы 67 мемлекет мақұлдаса, 82 мемлекет қалыс қалды, 26-сы қарсы дауыс берді. Қарсы дауыс берген елдер қатарында Армения, Беларусь, Боливия,Бурунди, Камбоджа, Қытай, Куба, КХДР, Эритрея, Үндістан, Иран, Қазақстан, Қырғызстан, Мьянма, Никарагуа, Ресей, Сербия, ОАР, Оңтүстік Судан, Судан, Сирия, Тәжікстан, Уганда, Өзбекстан, Венесуэла, Зимбабве бар.
Дауыс беруден кейін Қырымға қатысты жаңа қарар жобасын БҰҰ Бас ассамблеясы қарайды.
Резолюцияда 2014 жылдан бері ресей билігі саяси жалған түсініктемелер беріп, зомбылық жасауда, сондай-ақ, Украина азаматтарын заңсыз ұстап, тұтқындауда деп көрсетілген.
Құжатта халықаралық ұйымдар мен БҰҰ арнайы мекемелеріне ресми құжаттарға украина түбегін “Уақытша Ресейдің қол астына өткен Қырым автономиялық республикасы және Севастополь қаласы (Украина)” деп көрсетілсін деп талап етілген.
Қырым 2014 жылғы референдумнан кейін Ресейдің құрамына енген болатын. Аймақ тұрғындарының басым көпшілігі Қырымның Ресей құрамына енуін қолдап, дауыс берген. Өз кезегінде Киев Ресей уақытша оккупациялаған аймақты өз территориясы деп есептейді.