АҚШ-тың Джорджия штатында тұратын 14 жасар Кэмерон Фар қазақ тілін Italki курсы арқылы онлайн үйреніп жүр. 10-сыныпта оқитын ол өзін Айбала Құдайбергенқызы деп атайды. Болашақта Қазақстанда тұрғысы келетін Айбала үйренгенін әлеуметтік желіде бөлісіп отырады. Қазақ тіліне қатты қызыққан полиглот оқушымен Қазақньюс тілшісі әңгімелесті.
Қазіргі уақытта сені көп қазақстандық таниды. Қазақ тіліне қызығу қалай басталды?
Маған ең алдымен Қазақстанның салт-дәстүрі мен мәдениеті ұнады. Ал қазақ тілін ең алғаш таныстырған ұстазым – Раушан. Қазақ тілін үйрететін Арай есімді мұғалімім де бар. Күнделікті мәтіндерді skype арқылы оқып, аударамыз. Раушан ұстазым қазақ тілінің дыбысталуымен өзіне баурап алды. Сол күннен бастап қазіргі уақытқа дейін «Сәлем», «жақсы» деген сөздерді жиі айтамын.
Қазақ тілін үйренуге қанша уақыт кетті?
Қазақ тілін 2019 жылдан бастап үйреніп келемін. Маған сөздердің қазақша дыбысталуы мен тіл грамматикасы айтарлықтай қиынға соқты. Сөздерді тез жаттап алсам да сөйлем құрастыра алмай қалуым мүмкін.
Әріптелу мен дыбысталуды тез меңгеру үшін қандай тәсіл қолданасың?
Маған қазақ тілін тез үйрену үшін әлеуметтік желіде қазақша сөйлеп, видео түсірген ыңғайлы. Ана тілімде арнайы ережелерді оқып сол сөйлемді айту оңай. Ал қазақ тілінде бір сөйлемде түрлі синонимдер болады. Ал сөйлемдерді айту үшін қазақша ән көп тыңдаймын. Қазақша сөйлегенімде достарым қызыға қарайды. Бірақ оларға бұл тіл мүлде түсініксіз көрінеді. Сол үшін тілге қызықса да, үйренуге әлі құштарлығы жоқ деп ойлаймын.
Кэмерон деп есіміңді кім қойды? Айбала деп ауыстыруға ата-анаңның көзқарасы қандай болды?
Иә менің өз есімім Кэмерон. Үйде, мектепте мені өз атыммен атайды. Алайда мен қазақ достарыма өзімді “Айбала Бақтыгүл Құдайбергенқызы” деп таныстырамын.
Тіл үйренуден басқа тағы қандай хоббиің бар?
Каратэге қатысамын. Саяхаттау мен тіл үйренуден басқа мопед жүргізу, достармен әр күнді қызықты өткізу, жаңа ұлт өкілдерімен танысу және олардың құндылықтарын зерттеген ұнайды.
Қазір қандай тілдерді үйреніп жатырсың?
27 тіл меңгеруді мақсат еттім. Соның ішінде 20 тілдің орта деңгейіндемін: English, Spanish, Portuguese, German, French, Dutch, Russian, Ukrainian, Kazakh, Kyrgyz, Uyghur, Yakut (Sakha), Chinese (Mandarin), Japanese, Vietnamese,Thai, Burmese, Hindi,Punjabi, Indonesian, Malaysian, Korean,Tagalog, Cebuano,Urdu, Inuktitut, Oneida.
Қазақстандық өнер адамдарымен қалай таныстың?
Димашты танымайтын жан жоқ шығар қазір. Ең бірінші көз алдыма Димаш Құдайберген елестейді. Кейін әлеуметтік желіде айтыскер Айнұр Тұрсынбаеваға жаздым. Жауап бергеніне қатты қуандым.
Болашақта Қазақстанда тұрғың келе ме?
Иә. Қазақ тілін де жетік меңгергім келеді. Келешекте Айбала деген есіммен Қазақстанға көшу арманым бар. Маған Қазақстанның табиғаты, мәдениеті ұнайды. Сонымен қатар ол жақта әдемі адамдар көп екен. Мен танитын қазақ достарымның бәрі әдемі.
Қазақстанға саяхат жасау жоспарда бар ма? Қай қалаларын аралағың келеді?
Иә, пандемия басылып, шекара ашылған соң Қазақстанға міндетті түрде барғым келеді. Ең алдымен Қызылорданы көргім келеді. Себебі, ол жердегі бір досым Қызылорданың кішкентай қала екенін айтты. Кейін Алматы және Нұр-Сұлтан қалаларына барғым келеді. Ең алдымен мешіттерін көргім келеді. Сосын қаланы көлікпен араласам деймін. Маған көлікпен жүру қатты ұнайды. Қызылорда, Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларына барып достарымды шынайы өмірде көруді қалаймын. Парақшамда «Идеалды Қазақстан» деген жазбаларым бар. Сол жерде мен атқа отыруды, қазақ кимешегін киюді, бәйтерекке баруды мақсат еткенмін.
Неліктен әлеуметтік желіде қазақша блог жүргізген ұнайды?
Cебебі өзге ұлт өкілдеріне қазақтың ұлттық дәстүрін, бұл тілдің қаншалықты әдемі екенін жеткізгім келеді. Борат сияқты кейіпкерлер маған ұнамайды. Мұндай адамдарға қазақ тілі қандай құрметке лайықты екенін дәлелдегім келеді.
Болашақта қандай мамандық иесі болғың келеді?
Келешекте өзімнің кім болатынымды әлі шешпедім. Бірақ қазір қыздардың тырнағын әрлеумен айналысамын.
Әмина Марданманова