Байқоңырда “Союз-6” және “Союз-5” орташа және орташа ауыр зымырандарды ұшыру үшін салынып жатқан ғарыш-зымыран кешеніне Қазақстанның бірінші президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың аты берілді. Бұл туралы “Роскосмостың” баспасөз қызметі хабарлады.
Байқоңырда жаңадан салынып жатқан ұшыру кешені енді “Назарбаев старты” деп аталады.
Кешенге Назарбаевтың атауын беру туралы ұсынысты Ресей Федерациясының президенті Владимир Путин жасаған.
Ресей президенті кешеннің атауы неге “Бәйтерек” деп сұрағанда, Н.Назарбаев мағынасы “өмір ағашы” екенін түсіндіріп, бәйтерек туралы қазақ аңызын айтып берді.
“Одан да “Нұрсұлтан” деп атайық. Бұл жобаны жасаған сіз ғой”, – деп ұсыныс айтты Путин.
Ал, Нұрсұлтан Назарбаев жобаның “Ресей мен Қазақстанның серіктестігі арқасында жүзеге асып жатқанын және оның ғарыш саласын жаңа деңгейге көтеретінін” атап өтіп, “Нұрсұлтан” емес, басқаша атайық, “Назарбаев” болсын”, – деді.
Владимир Путин болса, “Келістік” деп қысқа қайырған.