17 қаңтар күні Башқұртстан соты азаматтық белсенді Фаил Алсыновты төрт жыл түрмеге кесіп, жазасын жалпы режимдегі колонияда өтеуге үкім шығарды. Сәрсенбі күні белсендіні қолдап, сот ғимаратының маңына бірнеше мың адам жиналды.

Наразылыққа шыққандар полициямен қақтығысып қалды. Аймақта интернет өшірілді.

Сот Фаил Алсыновты Қылмыстық кодекстің 282-бабы 1-тармағы (“Өшпенділік пен араздық қоздыру”) бойынша кінәлі деп таныған. Белсендінің соты өткен ғимараттың алдына үш мыңнан аса адам жиналған. Олар белсендіні босатуды талап етіп, “Бостандық!”, “Фаил, біз сенімен біргеміз!” ұрандатты.

Қарулы құқық қорғау орган қызметкерлері жұртты тықсыруға тырысқаннан кейін халық пен полиция қақтығысып қалды. Куәгерлердің айтуынша, арнайы жасақ жас ағызатын газ қолданған. Жиналғандар “Масқара!” деп айқайлаған. Кей мәлімет бойынша, ондаған адам ұсталған.

Ұстау кезінде арнайы жасақ адамдарды резеңке таяқпен ұрған. SOTA сайтының жазуынша, кемінде екі адам жарақаттанған: бірінің беті жырылған, екіншісі аяғынан жараланған. Ал бұған жауап ретінде жұрт полицейлерге қатқан қар лақтырған.

Азаттық сайтының хабарлауынша, Фаил Алсыновқа қарсы іс Башқұрстан басшысы Радия Хабированың өтініші бойынша қозғалған. Қылмыстық іске белсендінің былтыр сәуірде Баймақ ауданы Ишмурзино ауылында сөйлеген сөзі түрткі болған. Тергеу болжамынша Алсынов “Кавказ жұрты”, “Орта Азия және “армяндар” сөздерін пайдаланып, “адамның намысына тиетін сөздер айтқан”. Белсенді мұны жоққа шығарады.

Фаил Алсынов “Башқұрт” ұйымын басқарған. Бұл ұйымды 2020 жылы Ресей билігі экстремистік деп танып, қызметіне тыйым салды.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз