АҚШ президенті Дональд Трамп 10 сәуір Вашингтонда Катар әмірі Тамим бен Хамад әл Таниді қабылдайды. Бұл туралы Ақ үйдің баспасөз қызметі хабарлайды.
Ақ үй таратқан ақпарға сәйкес, Трамп АҚШ пен Катар арасындағы байланыстарды нығайту сондай-ақ қауіпсіздік пен экономика саласындағы ортақ мүдделерді дамыту мәселелін Катар әмірімен талқылауға ниетті.
Атап өтерлігі, АҚШ президентінің Катар әмірімен кездесуі Сауд Арабиясының мұрагер ханзадасы Мұхаммед бен Салманның АҚШ-қа мемлекеттік сапарынан кейін бірнеше күн өткен соң болады.
Соңғы уақытта әлемде мұнай мен газ өндіруде көшбасшы мемлекеттер Сауд Арабиясы мен Катар арасындағы өзара қарым-қатынас дағдарысқа ұшырады. Эр-Рияд және оның одақтастары Катарды лаңкестікте айыптап, Дохадағы билік өкілдерімен дипломатиялық қатынастарын үзді. Трамп бұған дейін де қос араб мемлекеті арасындағы кикілжіңді реттеуде мәмілегер болуға дайын екендігін алға тартқан еді.