Корейаралық саммитке тек бастама есебінде ғана баға беруге болады, бірақ аталған келіссөздер арқылы екі мемлекеттің қатынасы жақсарып кетеді деген сөз емес. Бұл туралы саясаткер Дос Көшім kazаknews.kz тілшісіне берген сұхбаты барысында мәлімдеді.
Бұдан өзге саясаткердің пайымынша, Оңтүстік Корея және КХДР арасындағы өзара сенімге негізделген достық әрі қарай жалғасатын болса, корейаралық саммиттің жаһандық саясатқа тигізер ықпалы зор болмақ. Дегенмен, , Солтүстік Кореяның осы уақытқа дейін ұстанған ұстанымы, саяси бағыты сенім бермейді, дейді саясаткер. Себебі, Солтүстік Корея ядролық қаруы бар тентек мемлекет. Ядролық қарудан өзге елдегі тоталитарлық жүйе де жаһанды алаңдатып отыр. Сондықтан, қос Кореяның ынтымақтастық қарым-қатынас орнатуына бүкіл әлем мүдделі, дейді саясаткер.
Сонымен қатар саясаткердің пікірінше, жылдың басында Оңтүстік Кореяда өткен ХХІІІ қысқы олимпиада ойындары қос мемлекеттің өзара ынтымақтастығының бастамасы болды, ал корейаралық саммиті аталған келіссөздердің жалғасы.
Сабина Ақтай