Түркия президенті Реджеп Тайып Ердоған Түркияның Афринде жүргізіліп жатқан «Зәйтүн сабағы» әскери операциясы енді Идлибте жалғасады деп жариялады. Бұл туралы mk-turkey.ru хабарлайды.
«Сирия еркін әскері мен Түркия әскері «Евфрат қалқаны» операциясын жүргізіп, Джараблус пен Әл-Баб қалаларын лаңкестерден қорғады. Қазіргі уақытта Сирия еркін әскерімен бірлескен Түркияның «зәйтүн сабағы» Афринді де лаңкестерден тазарту үшін әскери операция жүргізіп жатыр. Африн операциясын аяқтағаннан кейін Идлибтегі мәселені де шешеміз… Идлибте Ресеймен және Иранмен бірге біз қауіпсіздік аймағын құратын боламыз» деп мәлімдеді Ердоған.
Түрік операциясына халықаралық көзқарас
Түркия мен Сирия күрдтерінің арасындағы бұл даулы мәселеде Башар Асадтың режимін қолдайтын Ресей Федерациясы бұл ретте бейтарап қалатынын хабарлады.
РФ Сыртқы істер министрлігі жанжалға қатысатын топтарды ұстамдылыққа шақырды.
Сондай-ақ, Ресейдің Қорғаныс министрлігі Түрік операциясының бұл бастауын «АҚШ-тың арандату әрекеті» деп түсіндіріп, Пентагонды америкалық күштерге «бақылаусыз» қару-жарақ жеткізді деп айыптады.
Ресей қорғаныс министрлігі «Пентагон Сириядағы америкалық күштерге заманауи қаруды бақылаусыз жіберумен қоса алғанда, портативті зениттік зымырандық жүйелер туралы ақпаратқа сүйене отырып, аймақтағы шиеленістің қарқынды өсуіне ықпал етіп, түрік әскерлерінің арнайы операцияларына жол ашты», – деп мәлімдеген болатын.
Батыс елдері, соның ішінде АҚШ пен Франция, барлық тараптарды ұстамдылыққа шақырады. Иран да Сириямен одақтасып мәселені одан әрі шиеленісуіне жол бермеуге шақырды.
Сирия президенті Башар Асад Түркия тарапынан жасалған шабуылды айыптап, Африндегі «Түркияның қатаң агрессиясын» Анкараның Сириядағы террористерге көмек көрсету жоспарларының бір бөлігі деп атап өтіп, операцияны «мемлекеттің егемендігін бұзу» деп айыптады.
Еске сала кетейік, Түркия әскері қаңтар айында “Зәйтүн сабағы” деген атаумен Сирияның солтүстік-батысындағы Африн қаласында орныққан күрдтерге қарсы операцияны бастаған болатын.
Түрік мәліметтері бойынша, аталған шабуылдағы басты мақсат Африн маңында орныққан 8-ден 10 мыңға дейінгі күрдтерден құралған «Халық қорғаныс күші» террорлық әскерінің жымысқы әрекетін жою. Сонымен қосы «Афринді сириялық босқындардың отанына оралуына мүмкіндік жасау мақсатында террористерден (Африндік күрдтерден) тазалау.