Оңтүстік Кореяның бұрынғы басшысының басы бәлеге қалды

0
84
/Оңтүстік Кореяның бұрынғы президенті Ли Мён Бак Сеулдегі прокуратурада тергеу алдында/Reuters

Оңтүстік Кореяның бұрынғы президенті Ли Мён Бак Ұлттық барлау қызметінен пара алды және президенттік лауазымын асыра пайдаланды деп айыпталды.

Ли Мён Бак Оңтүстік Кореяны 2009 жылдан 2013 жылға дейін биледі. Қазір экс-президентке жемқорлық жасады, ел қаражатын ысырап етті және лауазымын асыра пайдаланды деп айып тағылды. Сәрсенбі күні таңертең экс-президент Сеулдегі Орталық прокуратураға тергеуге жеткізілді, деп хабарлайды «Рёнхап».

Агенттік таратқан ақпарға сәйкес, Ли Мён Бак сайлауда жеңіске жеткен сәтінде және ел президенті лауазымын атқарған алғашқы жылдары Оңтүстік Корея Ұлттық барлау қызметінен сондай-ақ Samsung сынды өзге де ірі компаниялардан орта есеппен алғанда 11 млрд вон (10,3 млн доллар) пара алған деген күдікке ілікті.

Ли Мён Бак сондай-ақ автокөлік қосалқы бөлшектерін өндіретін DAS компаниясының басшысы (құжат бойынша экс-президенттің інісіне тиесілі компания) деп есептеледі. Тергеу жұмыстары Ли Мён Бак өз активтерін жасыру үшін компанияны қолданған деп болжайды. Бұдан өзге прокурорлар Ли өз қызметін асыра пайдаланды деп есептейді.

Елдің бұрынғы 5 басшысы  қылмыстық жауапкершілікке  тартылған

Елдің бұрынғы басшысы аталған айыптауларды жоққа шығарып, өзіне тағылған айыптарды қазіргі билеуші әкімшіліктің саяси жымысқы әрекеті деп мәлімдеді.

Атап өтерлігі, Ли Мён Бак қылмыстық жауапкершілікке тартылған Оңтүстік Кореядағы бесінші президент. Оңтүстік Кореяның бұған дейінгі 7 президентінің тек екеуі ғана қылмыстық күдікке ілінбеді. Бұған дейін елді 2013-2017 жылы билеген Пак Кын Хе 2017 жылы тұтқындалды. Оған жемқорлық, лауазымын асыра пайдалану сынды 18 пункт бойынша айып тағылды.

Еске салсақ, 2017 жылы Оңтүстік Кореяның экс-президенті Ли Мён Бак Қазақстанға келіп, Астанада өткен халықаралық мамандандырылған EXPO-2017 көрмесіне қатысты. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевпен де кездесті.

Сафина Саид

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз