Ресейде мобилизация тоқтатылды

0
168
Ресей әскері. Photo: Lenta.ru

Ресей қорғаныс министрлігі мобилизацияға байланысты барлық іс-шара аяқталғанын хабарлады. Мәлімдемеде Ресей қарулы күштері бас штабы әскер қолбасшыларына осындай нұсқау жібергені айтылған.

“Ресей қарулы күштері қатарын толықтыру бойынша әскери комиссариаттардың әрі қарайғы жұмысы келісімшарт бойынша әскерге барғысы келетіндерді қабылдау жөнінде болады” делінген Ресей қорғаныс министрлігі хабарламасында.

31 қазаннан бастап әскери комиссариаттар қалыпты жұмысына оралуға тиіс. Мұнан әрі ұрыс қимылдары жүріп жатқан жерге тек еріктілер мен келісімшарт бойынша жұмыс істейтіндер барады.

Мобилизация ресми түрде Ресей президентінің арнаулы жарлығынан кейін ғана аяқталуы мүмкін. Сочиде өткен баспасөз конференциясында Ресей президенті Владимир Путин журналистерге “мобилизацияны жарлықпен тоқтату керек пе, жоқ па деген мәселені заңгерлермен сөйлесемін, бірақ оның аяқталғаны рас” деген болатын.

1 қарашадан бастап Ресейде қарулы күштер қатарына міндетті қызмет атқаруға күзгі шақыру басталып, 120 мың адам әскерге алынады. Реесй бас штабы мобилизация басқармасының бастығы Евгений Бурдинский әскерге алынғандарды Ресей аннексиялаған жердегі ұрыс қимылдарына жібермеуге уәде берген.

28 қазанда Ресей қорғаныс министрі Сергей Шойгу президент Путинге мобилизация аяқталғаны туралы мәлімдеген. Оның сөзінше, мобилизация бойынша 300 мың адам әскер қатарына алынған. Оның 82 мыңы алғы шепке жіберілген, 218 мыңы жаттығуда жүр.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз