Бұған дейін Ресейдегі жұмысын уақытша тоқтатқан Swarovski компаниясы, енді нарықтан толықтай кетуге дайын, деп хабарлайды Kazaknews.kz тілшісі DW агенттігіне сілтеме жасап.
Ресейдегі қызметін тоқтатқан, бірақ бұл елмен іскерлік байланысын үзбеген австриялық Swarovski компаниясы, енді Ресей Федерациясындағы бизнесін толығымен жабуға шешім қабылдады. Бұл туралы Swarovski Бас директоры Алексис Назард 10 наурыз, жұма күнгі санында жарияланатын австриялық Trend басылымына берген сұхбатында хабарлады.
Ол компанияның Ресейден кетуінің нақты мерзімін атаған жоқ, бірақ бұл процедура “келісілген және барлық қолданыстағы заңдарға, соның ішінде экономикалық санкциялар мен басқа да сауда шектеулеріне сәйкес” өтетінін мәлімдеген.
Ресейде Swarovski-ге тиесілі 12 филиал мен онлайн-дүкен жұмыс істеген. Олардың жұмысы Ресей Украинаға басып кіргеннен кейін көп ұзамай тоқтатылды.
Swarovski – кристалдарды, зергерлік бұйымдарды, кристалды фигураларды өндіруге, синтетикалық және табиғи асыл тастарды өңдеуге маманданған компания. Оның негізгі өндірістік қуаты мен бас кеңсесі Австрияның Ваттенс қаласында орналасқан.