17 қазанда Анкарада Түркия президенті Режеп Ердоған АҚШ вице-президенті Майкл Пенспен кездесіп, Сирия солтүстігіндегі әскери операция мәселесін екі жарым сағат талқылап нәтижесінде Түркия күрдтерге қарсы әскери операцияны тоқтатуға келісті. Бұл туралы АҚШ вице-президенті Майкл Пенс хабарлаған.
Әуелі атыс 120 сағатқа тоқтайды. Осы уақыт ішінде күрдтер жасағы әскери операция аумағынан шығып үлгеруі тиіс. Бұдан соң Анкара әскери операцияны толығымен аяқтайды.
Пенстің айтуынша, Вашингтон Анкараға жаңа санкция салмайды, ал бұған дейінгі шектеулер атыс тоқтағаннан кейін алынбақ.
“Түркиядан жақсы хабар!…Миллиондаған адам аман қалатын болды” деп жазды Трамп Twitter-дегі парақшасында.
Great news out of Turkey. News Conference shortly with @VP and @SecPompeo. Thank you to @RTErdogan. Millions of lives will be saved!
— Donald J. Trump (@realDonaldTrump) October 17, 2019
Ердоған бұған дейін вице-президентпен кездесудің нәтижелі болатынына күмән білдірген. Тіпті Пенспен кездеспейтінін де айтып қалған, бірақ кейіннен жоспарын өзгертті. Түркия президенті АҚШ санкциясынан да қорықпайтынын айтқан.
9 қазанда Түркия Сирия солтүстігінде күрдтерге қарсы әскери операция бастаған. Анкара күрд жасақтарын “террорист” деп атап, Түркия аумағындағы сепаратистерге дем берді деп айыптайды. Вашингтон күрдтерді “Ислам мемлекеті” террористік тобымен күресте одақтас санайды. Бір аптадан астам уақыт ішінде Түркия мен одақтастары шекара маңындағы біраз аумақты бақылауына алды. Түркия шабуылынан қорғанған күрдтер Дамаскімен келісім жасасып, күрдтер шоғырланған бірнеше қала Сирия әскерилерінің бақылауына өткен.
Еске сала кетейік, бұған дейін АҚШ президенті Дональд Трамптың Түркия басшысы Реджеп Ердоғанға жазған хаты жарияланған болатын.