Анкарада Ресей және Түркия президенттерінің келіссөздері өтті деп хабарлайды Анадолы ақпарат агенттігі.
Ақпарат агенттігінің хабарлауынша, Владимир Путин мен Режеп Тайып Ердоғанның тар форматта өткен келіссөздері баспасөз үшін жабық режимде бір сағат көлеміне созылды.
Келіссөздер қорытындысы бойынша екі мемлекет басшысының баспасөз конференциясы өтті.
Ресей президенті В. Путин Түркия президенті Р. Ердоғанмен бірінші кезекте Таяу Шығыстағы жағдайдың шиеленісуі мен Сириядағы жағдайды тұрақтандыру мәселелерін талқылады, деп хабарлайды ТАСС.
Ресей-түрік келіссөздерінің қорытындысы бойынша журналистерге мәлімдеме жасаған Путин келіссөздер барысында қос мемлекет тығыз байланыс жасайтын Таяу Шығыстағы және Сириядағы күрт шиеленіскен жағдай мен оны тұрақтандыруға баса назар аударылғанын алға тартты.
Путиннің айтуынша, «келіссөздер іскерлік және сындарлы атмосферада өтті».
Ресей басшысы «екіжақты ынтымақтастықтың, соның ішінде стратегиялық сауда, экономикалық және әскери-техникалық жобаларды жүзеге асырудың негізгі мәселелері» талқыланғанын да атап өтті.
Бірлескен баспасөз конференциясы барысында Түркия президенті Р. Ердоған Түркия мен Ресей арасындағы тауар айналымы ағымдағы жылдың 10 айында 30 пайызға ұлғайғанын алға тартты.
Ердоғанның мәлімдеуінше, Путинмен келіссөздер барысында Сирияға қатысты мәселе де талқыланған. Түркия президенті бұл бағытта келесі қадам Сирия бойынша жаңа кездесудің жақын арада Сочиде өткізілетіні екенін айтты.
Сабина Сайлаубай