Сөз бостандығы өлген жер: Түркияда бірнеше журналист өмір бойына түрмеге қамалды

0
87
Mk-Turkey

Жақында жабылған Taraf газетінің бұрынғы бас редакторы Ахмет Алтан, оның ағасы экономика ғылымдары профессоры, жазушы Мехмет Алтан және танымал журналист Назлы Ылыджак 2016 жылғы 15 маусымдағы төңікеріс әрекетіне қатысы бар деген айыппен өмір бақи бас бостандықтарынан айырылды.

«Reporter Ohne Grenzen» («Шекарасыз тілшілер») құқық қорғау ұйымы Стамбұлда соттың бұл шешіміне қарсылық танытты.

Deutsche Welle таратқан ақпарға сәйкес, аталған ұйымның тілшілерінің бірі Кристиан Мир Назлы Ылыджак пен ағайынды Ахмет және Мехмет Алтандарға қатысты шыққан сот шешімі қамауда отырған бірқатар журналистер үшін апатты жағдай екенін алға тартқан. К. Мирдің айтуынша, Түркиядағы заң органдарының еркіндігінен зардап шегіп жатқан журналистерге әлемдік қауымдастық тарапынан қолдау көрсетілуі әрі Түркияда болып жатқан жайттарды назарда ұстауы өте маңызды.

Бұған дейін Түркия журналистер қауымдастығының төрағасы Торғай Олжайто билеуші және оппозициялық партияларға сөз бостандығы мен ондағы кедергілерді жоюға, абақтыға жабылған журналистерді босатуға және журналистиканы қылмыс ретінде қарауды тоқтатуға шақырған еді. Олжайто өз сөзінде

 «Саясаткерлер журналистиканы лаңкестік әрекетке, ал журналистерді террористерге теңейді. Журналистерге ауызша және физикалық шабуылдар жасау жалғасуда. Шағымдарға қарамастан, бұл шабуылдар өкінішке орай жазасыз қалуда»,

– деп ашығын айтты.

Ал өз кезегінде Еуропалық комиссия төрағасы Жан-Клод Юнкер Түркия журналистерді абақтыда  ұстап отырғандықтан, Еуроодақ пен Түркия екіжақты қарым-қатынасында ешқандай қарқын болмайтынын алға тартты.

Түркия журналистер ассоциациясы ұсынған мәліметтерге сәйкес, Түркияда шамамен 160 масс-медиа өкілі темір торға жабылған.

Сафина Саид

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз