Украина әскерінің жүз шақты өкілі АҚШ-тың Оклахома штатындағы Форт Стилл әскери базасына барды. Олар әуе шабуылынан қорғайтын Patriot зымыран кешенін пайдалануды үйренеді.
“Әскери қызметкерлер Форт Стиллға келіп, жаттығуға кірісті. Жаттығу бірнеше айға созылады” деп хабарлады 17 қаңтарда Пентагон баспасөз хатшысы Пэт Райдер.
Пэт Райдердің сөзінше, бір қондырғыны пайдалану үшін жүз адам қажет. Әзірге келесі топты жаттықтыру жоспарланбаған.
2022-нің желтоқсан айында Пентагон Украинаға Ресейдің ракета соққыларынан қорғайтын бір Patriot қондырғысын беретінін мәлімдеген. Patriot’тың тағы бір қондырғысын беретінін Германия да мәлімдеген. 17 қаңтарда Ақ үйде АҚШ президенті Джо Байденмен кездесу кезінде Нидерланды премьер-министрі Марк Рютте де АҚШ және Германияның бастамасына қосылатынын айтты.
WP басылымының жазуына қарағанда украин әскерін Форт Стилл базасында дайындықтан өткізу – екі ел арасындағы әскери ынтымақтастықтың жаңа кезеңінің көрінісі. АҚШ-та жыл сайын 20 мыңнан астам шетел әскери қызметкері дайындықтан өтеді. Украиндар мұндай жаттығуға алғаш рет қатысып отыр.