23 желтоқсанда Алматыда Қаңтар оқиғасы кезінде қаза тапқандардың құрметіне “Тағзым” мемориалы ашылды. Мемориалдың ашылуына Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та қатысты.
«Тағзым» мемориалы – көп сатылы сәулет кешені. Бұл ескерткіш әртүрлі түстен тұратын төрт эмоционалды-архитектуралық бөлікке бөлінеді. Атап айтқанда, ақшыл сұр бөлігі еңсеруді, қара түс қаңтар оқиғасы кезіндегі дүрбелең мен үрейді бейнелейді, ал сұр бөлігі – құрбан болғандар мен адам шығынының символы, ақ түс тұрақтылық пен дамуға ұмтылуды, қоғамның әл-ауқатын, ұлттың өзін-өзі тануын, күш пен әділетті мемлекетке деген сенімді білдіреді. Әр бөлікте халқымыздың ұлы тұлғаларының қанатты сөздері жазылған тастар мен стеллалар орнатылған. Жобаның авторлары – қазақстандық жас сәулетшілер Алексей Ивженко және Ғайни Сағидуллаева.
Кемінде 238 адамның өмірін қиған Қаңтар оқиғасының бір жылдығы таяп келеді. 2022 жылы қаңтардың басында Маңғыстау облысында сұйылтылған газдың қымбаттауынан басталған наразылықты Қазақстанның көптеген өңірінде халық қолдап, жаппай шеруге шыққан. Кейін бірнеше қалада бейбіт митингінің аяғы тәртіпсіздікке ұласып, Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ескертусіз оқ атуға бұйрық берген. Билік елде төтенше жағдай жариялап, “террористер шабуылы” туралы айтқанмен оған дәлел келтірген жоқ.
Ресми дерек бойынша, Қаңтар оқиғасы салдарынан елде 238 адам қаза тапқан. Оның 19-ы – құқық қорғау органдары өкілдері мен әскери қызметкерлер.