Бейжіңде консулдық мәселелер бойынша кезекті Қазақстан-Қытай консультациялары өтті. Бұл туралы ҚР СІМ баспасөз қызметі хабарлайды.
Қазақстан делегациясын Сыртқы істер министрлігі Консулдық қызмет департаментінің директоры Ардақ Мәдиев бастап барған кездесуде тараптар консулдық саладағы екіжақты ынтымақтастықтың, екі елдің азаматтарының құқықтары мен мүдделерін қорғаудың, сондай-ақ Қазақстан мен Қытай тұрғындарының өзара сапарларының өзекті мәселелері бойынша толыққанды келіссөздер жүргізді.
Астана Қытайдан Қазақстанға қоныс аударған және Қазақстан Республикасының азаматтығын алған этникалық қазақтардың жағдайына қатысты мәселені қозғап,Қытайда қос азаматтық үшін ұсталған этникалық қазақтардың істерін объективті және әділ қарау мен оларды босату туралы табанды тілек айтылды. Қытайдың Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық аймағындағы этникалық қазақтардың мәселелерін шешудің ортақ амалын ойластыруға уағдаласты.
Сонымен қатар, консультациялар барысында елдер арасындағы визалық режимді жеңілдету мәселелері талқыланды.