ҚР Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов бесінші рет өткізіліп отырған «Қазақстан-шетелдік БАҚ көзімен» атты халықаралық байқауда жеңіске жеткен шетелдік журналистерді марапаттады.
20-дан астам мемлекеттен 85 адам қатысқан бауқауда Өзбекстан, Үндістан, АҚШ, Иордания және Ұлыбритания елдерінің тілшілері жеңіске жетті. Комиссия мүшелері құрамында ҚР Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов, ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко және Бас редакторлар клубының президенті Ержан Бекхожин кірді.
Байқау қорытындысы бойынша ТМД және Балтық елдері авторларының арасынан 2017-2018 жылдар ішінде Қазақстан мен Өзбекстан қарым-қатынастарын белсенді жариялағаны үшін Өзбекстанның ұлттық ақпараттық агенттігінің журналисі Ұлықбек Шоназаров, сондай-ақ қазылар алқасы Қазақстанға саяхаты туралы «Country and Townhouse» журналында жарық көрген «One Steppe Beyond» атты мақаласы үшін Еуропа журналистері арасынан британдық Джилли Пикаптың еңбегіне жоғары баға берді.
Америка құрлығының журналистері арасында Стефен Липовцевтің Forbes журналына шыққан «Қазақстанның бес ғажайыбы: неліктен сәндік туризм Орталық Азияда дамуда» атты мақаласы ең үздік мақала болып танылды.
Таяу Шығыс пен Африка елдерінің журналистері ішінен Қазақстанның дамуына, сыртқы саясатына және Астананың 20-жылдығына арналған сапалы материалдар сериясы үшін иорданиялық Айман Абдельхафез аз-Забен жеңімпаз атанса, Азия, Аустралия және Океания елдерінен жеңімпаз ретінде қазылар алқасы Business Central Asia журналында жарияланған «Astana: the capital has its own charms and pleasures» атты мақаласы үшін үндістандық Индервир Сингхті таңдады. Аталған мақалада Астананың архитектурасы суреттеліп, кейбір ғимараттар мен құрылымдардың қысқа тарихы жазылған және қаланың өсуі туралы статистикалық мағлұматтар келтірілген.