28 қыркүйек Қазақстанның Халық жазушысы, қоғам қайраткері, ҚР-ның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Шерхан Мұртазаұлы Мұртазаның туған күні. Қаламгер 1932 жылы Жамбыл облысы, Жуалы ауданы, Талапты ауылында дүниеге келген. М.В. Ломономов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетін тәмамдаған. Еңбек жолын өткен ғасырдың 55-жылы Қазақ мемлекет көркем әдебиет баспасында тілші, әдеби қызметкер болып бастаған. Кейіннен “Лениншіл жас”, “Социалистік Қазақстан” басылымдарында тілші, әдеби қызметкер, редактор болды. 70-ші жылдары “Жазушы” баспасы жанындағы Балалар мен жастар әдебиеті бас редакциясының және “Жалын” альманахының бас редакторы, 1972 — 75 жылы “Жұлдыз” журналының бас редакторы, 1975 — 80 жылы Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының 2-хатшысы, 1980 — 89 жылы “Қазақ әдебиеті” газетінің бас редакторы, 1989 — 92 жылы “Егемен Қазақстан” газетінің бас редакторы, 1989 жылдан-«Егемен Қазақстан» республикалық газетінің редакторы қызметін атқарды. 90-жылдары “Қазақстан” телерадио компаниясының төрағасы болды.12, 13-шақырылған ҚР Жоғарғы Кеңесінің, 2-шақырылған ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты. 1995 жылдан бері шығармашылықпен айналысып келеді. Осы орайда Kazaknews.kz оқырман назарына қаламгердің “Бір кем дүниесінен” үзінділер ұсынады. Оқи отырыңыз!
***
Әкеміз Мұртаза марқұмның қызғылтым шырайлы, әдемі гүлдері жайнаған жап-жаңа жайнамазы бар еді.
Алдымен мешіт бұзылды. Оның үйінді болып қалған кірпіштерінің үстінде байғыз дейтін құс сұңқылдап, зарлап отыратынды шығарды.
Көп ұзамай Мұртаза рахметілік «халық жауы» ретінде ұсталды. Бұл 1937 жылдың, сірә, желтоқсан айы еді.
НКВД үйге тінту жасады. Мен ол кезде бес жасар баламын. Бәрі есімде. Тінткенде бәлендей байлық табылған жоқ. Тек бір милиционер төрде ілулі тұрған жайнамазды жазып көрді де: «Е, мынау шұлғау болуға жақсы екен. Аяғым тоңып жүр еді», – деп Алланың аты жазылған жайнамазды бүктеп-бүктеп, қойнына тыға салды…
Арада алпыс жыл өткенде жолым түсіп, Кереку қаласына барып, мешітіне кіріп, дұға оқығанда, Тәңірі жарылқағыр бас имам маған Қағбадағы мешіттің суреті салынған сұлу жайнамазды сыйлады. Сонда баяғы милиционерге шұлғау болып, қорланған жайнамаз ғайыптан құс болып келіп, қолыма қонғандай ғажайып хал кештім.
Бір кем дүние.
***
Құр алақан
Жарты әлемді жаулаған тағы бір жаһангер – Александр Македонский – Ескендір Зұлқарнайын өлген соң табыттан қолы шошаңдап шыға беріпті.
Бір данышпан алақанына бір шөкім топырақ салған соң ғана қолы сылқ етіп табытқа түсіпті.
Сөйтсе Ескендір тірілерге:
– Ей, жарандар, мен дүниенің жартысын жаулап, алтыннан тау тұрғызсам да, о дүниеге ештеңе алып бара жатқан жоқпын. Міне, қараңдар, – деп алақанын ашып көрсеткені екен.
Қайран дүние, тіршілікте кім тойған…
Адамның ашқарақ көзі топыраққа ғана тояды.
Бір кем дүние…
***
Ай мен Күн туралы
Бұлар туралы ақын Гете жазып кеткен. Ол да біреуден естіген. Біз де елден естігенімізді, оқығанымызды жазамыз. Аспанда Ай мен Күн бір-бірінен ажырап, адасып қалғанда, жердегі пенделерге не жорық?! Қыз Жібек пен Төлеген, Қозы Көрпеш – Баян сұлу, Ләйлі – Мәжнүн, Жүсіп – Зылиха, Сейпілмәлік – Жамал – қайсы бірін айтасың, бір-біріне қосыла алмай кеткен, шын ғашықтар ғой. Дүние жаралғалы бері Ай Күнге жете алмай келеді. Олар о басында ерлі-зайыпты екен, екеуінен жұлдыздар туған. Әзәзіл ажыратқан. Бір-біріне шын ғашық болып, қосыла алмау дүниедегі кемдіктің ең ұлысы.
***
Самайға ақ кіріп еді, мұрт та ағара бастады. Ұялған ұрыдай болып қастың бір талы да ағарыпты.
Сөйте-сөйте… Сүйек те ағарады-ау…
Несіне тырбаңдаймыз?
Бәрі де өтеді.
Өтпейтін тек уақыт қана.
Адамдар: «Уақыт өтіп барады», – деп өкінеді. Шынында өтіп бара жатқан уақыт емес, өмір өтіп барады.
Ал уақыттың басы да, аяғы да жоқ.
Уақытты жылға, айға, сағатқа, минөтке, секөндке, ғасырға бөліп жүрген адамдар ғой.
Уақыт – мәңгілік. Мәңгілік басталмайды да, аяқталмайды да.
Бәрін бір Алла біледі.
Алла білімі шексіз.
Білімі шектеулі адамдар.
Бір кем дүние.
***
Ұятсыз болма Адамға бала жастан ең керегі – Ұят деген қасиет. Ол туа бітеді. Бірақ кейбіреуі өсе келе, үлкейе келе ұяттан жұрдай болады. Бір кем дүние.
***
Жырық астау
Арап нәсілді Александр Пушкиннің алтын балық туралы інжу-маржандай әдемі ертегісі бар. Балықшының ауына Алтын балық түспей ме. Сөйтсе алтын балыққа тіл бітіп, балықшы шалға:
– Мені босат, не тілейсің соның бәрін орындаймын, – дейді ғой.
Балықшы:
– Кемпірімнің кір жуатын ағаш астауы жарылып қалып еді… – дейді.
Алтын балық:
– Үйіңе қайта бер, тілегің орында-лады, – дейді ғой.
Кемпір шалына риза болудың орнына, бас салып ұрсады. Араны ашылып кетеді. Жердің бетін қойып, су астының патшасы болғысы келеді. Ең соңында баяғы жарық астаудың қасында қалады.
Тойымсыздық.
***
Тым… тым…
Патшаға тым жақындама,
Тым алыстап та кетпе.
Ол да от сияқты:
Тым жақындасаң күйіп өлесің,
Тым алыстасаң үсіп өлесің.
Бір кем дүние.
***
Темірді тат шірітеді. Тат темірдің өзінен шығады.
Адамды аздыратын жаман қылықтар да өзіңнен шығады. Ол да тат. Оны сабындап жуып кетіре алмайсың.
Адам жанын тат басса, оны тек кітап кетіре алады. Әрине, асыл кітап, адал кітап.
Ең бірінші – Құран!
Екінші – хадистер!
Ұлы классиктер.
Қазақтың ұлы ақын-жазушылары.
Кітап жем, су сұрамайды. Кітап – ғажайып қазына.
Кітап – өмірсерік.
Кітапты сүймеген Құдайды да сүймейді.
Бір кем дүние.
***
Арман
Балалық шаққа
Қайта алмайсың.
Бір кем дүние.
Құдайға сыйынған құстай ұшады,
Адамға сыйынған мұрттай ұшады.
Бір кем дүние…