EXPO-2017 көрмесі тарихтағы ең табысты көрме болды – Висенте Лоссерталес

0
65
ашық дереккөзден

Халықаралық көрмелер бюросының Бас хатшысы Висенте Лоссерталес Қазақстан Республикасы Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың атына хат жолдады. ХКБ басшысы Мемлекет басшысына Астана қаласында ЭКСПО-2017 көрмесін табысты өткізгені үшін алғыс білдірді және қатысушы елдер ЭКСПО-2017 көрмесінің ұйымдастырылуын жоғары бағалағанын атап өтті, деп хабарлайды  «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ Қоғаммен байланыс департаментінің баспасөз қызметі.

Хатта «Қатысушы елдер ЭКСПО көрмесі елеулі іс-шара және тарихтағы ең табысты мамандандырылған көрме болғандығы туралы пікірлерін білдіруде.  Бұл алдағы мамандандырылған ЭКСПО көрмелерін дамытуға ықпал ететініне сенімдімін. Астана қаласындағы ЭКСПО-2017 көрмесінің табысты өтуі сіздің жеке қолдауыңыз және аталған тамаша жобаны жүзеге асыруға белсенді қатысуыңыздың нәтижесінде қол жеткізілді», – делінген.

Висенте Лоссерталес ҚР Үкіметі, Ахметжан Есімовтің басшылығымен «Астана ЭКСПО-2017» Ұлттық компаниясы көрме инфрақұрылымының дайын болуын қамтамасыз ету үшін барынша күш салғандығын сондай-ақ барлық халықаралық қатысушылар қазақ халқының ерекше қонақжайлығын сезінгенін атап өтті.

Сонымен қоса, Халықаралық көрмелер бюросының Бас хатшысы «Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, Қазақстан Республикасының «Достық» орденімен марапаттап көрсеткен құрметіңіз үшін шын жүректен алғыс білдіремін. Осы шешім туралы хабардар болғанда ерекше сезімде болдым және Қазақстанмен алты жыл бойы тығыз қарым-қатынаста болу қызмет жолымда ең құнды тәжірибе болғандығын атап өткім келеді. Қазақстан халқына және бүкіл әлемге арналған ЭКСПО-2017 көрмесінің мұрасымен танысу және Көрме аумағын көру үшін Астана қаласына бару мүмкіндігі болады деп сенемін», – деп қосты.

Жадыра Аманбайқызы

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз