Әйелдер үшін ең қауіпті елдер тізімі жарияланды. Көш бастаған жыныстық зорлық тәуекелі басым саналатын– Үндістан. Әйелдер үшін қауіпті елдер тізімін The Thomson Reuters жариялады.
Әйелдердің құқықтары туралы сауалнамаға 550 сарапшы қатысқан, сарапшылар елдердің зорлық-зомбылық пен кемсітушілік мәселелерін шешуге қосқан үлесін бағалаған. Зерттеу алты бағытта жүргізілді: денсаулық сақтау, дискриминация, мәдени дәстүрлер, жыныстық зорлық-зомбылық, зорлық, адам саудасы.
Үндістан елдегі мәдени дәстүрлер салдарынан әйелдерге қауіпті елдер ішінде көш бастады.
Өз кезегінде Үндістандағы Карнатака штаты үкіметінің шенеунігі Манджунат Гангадхара зерттеу жүргізген қорға «Үндістан әйелдердің құқығын толықтай ескермейді», – дей келе, әйелдерге деген зорлық-зомбылық, сексуалды шабуыл мен қудалаудың әлі де ел аумағында бар екендігін хабарлаған.
Үндістаннан кейін әйелдер үшін қауіпті елдер тізімін жалғаған: Ауғанстан, Сирия, Сауд Арабиясы, Сомали, Пәкістан, Конго Демократиялық Республикасы, Йемен, Нигерия, АҚШ.
АҚШ әйелдер үшін ең қауіпті елдер тізіміне енген жалғыз батыс елі, бұның себебі өткен жылы ел аумағында пайда болған #MeToo (#мен де) қозғалысымен түсіндіріледі. Аталған қозғалыста кино индустриясында әйелдерге деген зорлықтың жоғары деңгейі көрсетілген еді.
The Thomson Reuters қоры 1982 жылы АҚШ және Ұлыбританияның қолдауымен қайырымдылық қоры үлгісінде құрылған. Аталған қор БАҚ-тың дамуымен, әйелдер құқығымен, жемқорлықпен күреспен айналысады, сондай-ақ тегін заң қызметін көрсетеді.
Сафина Саид