Латын ортақ болғанмен…

0
106
ОҚК

Қазіргі А. Байтұрсынұлы атындағы тіл білімі институтының латын әліпбиі жобасы Түркі академиясының латын әліпбиіне қатысты жобасы аясында дайындалған. Ал латын әліпбиі түркологияда ортақ транскрипт болып саналады. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі мәлімдеді.

2012 жылы түркі әлеміне ортақ латын әліпбиінің жобасын жасау шешімі қабылданған. 2014 жылы Түркі академиясында аталған шешім аясында жоба жүзеге асырылып, латын әліпбиіне қатысты монографиялық еңбек жарық көрген. Д. Қыдырәлінің айтуынша, Түркі академиясының «Аталар мирасы» атты мудьтимедиялық порталын 34 әріптен тұратын латын әліпбиінің түркі әлемінің ортақ транскрибі деп атайды, әрі академия аталған әліпби нұсқасын ортақ транскрипт ретінде пайдаланады. Ал президент жарлығымен бекітілген латын әліпбиін академия өз сайттары мен порталдарында қолданады.

Бұған дейін Ш. Шаяхметов атындағы тілдерді дамыту орталығының директоры Ербол Тілешов kazaknews.kz тілшісіне берген сұхбатында ортақ түркі әліпбиі бола алмайды деп мәлімдеген болатын. Е. Тілешовтың айтуынша, 1992 жылы 34 таңбадан тұратын ортақ түркі әліпбиі жасақталған. Дегенмен, аталған ортақ әліпбиді Өзбекстан қабылдап, кейін одан бас тартты. Әзірбайжан мемлекеті де қабылдап, бір-екі жылдан кейін бас тартқан. Аталған себепті Тілешов былай түсіндіреді:

«Қазақ тілі қыпшақ тобына кіреді, өзбек қарлұқ тобына кіреді, түркімен, түрік, әзірбайжан тілдері оғыз тобына кіреді. Тілдер бір-біріне ұқсас болуы мүмкін. Бірақ біз жасаған әліпбиді өзбек халқы пайдаланбайды. Мысалы, кирилл әліпбиін таныған адам орыс тілін білмеуі мүмкін, я болмаса ағылшын қарпін таныған адам ағылшын тілін білмеуі мүмкін. Яғни бұдан шығатын қорытынды таңба бөлек, ұғым бөлек. Сондықтан, ортақ түркі әліпбиі болса, түркі ортақ болады деген сөз жөн емес. Бірақ бұл ұғымдық емес, таңбалық ортақтық».

Сафина Саид

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз